Қоғам

Жалғызбасты қарияға көмек

Өткен аптада өңірімізде қар қалың түсті. Аққала жасайтын балаларға бұл қызық болса, жер үйлерде тұратын қарияларға ақ ұлпа әжептәуір қиындық тудырады. Ауланы тазалап, қар шығару ісімен айналыса алмайтындардың бірі – 67 жастағы Өтеміс Аргенов. 1-ші топтағы мүгедек соңғы 5 жыл бойы үй шаруасына тіптен араласпайды.

Өтеміс Аргеновтың әр күні бір-біріне ұқсас. Тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн – төрт қабырғаның ішінде. Кезінде жұмыс талғамаған азаматтың өмірі осыдан 5 жыл бұрын өзгеріпті. Қария инсульт алып, денесінің оң жағы толығымен жансызданған. Содан бері екі аяғының қызметін мына арбаның екі дөңгелегі атқарады. Таза ауадағы серуен мен шаруаны төрт қабырға алмастырды. Осылайша, үйдің ішінде қозғалады, мысығына тамақ береді. Қария дайын ас болса, өздігінен ауқаттана алады, тіпті, пеш үстінде кеуіп отын жатса, баспанасын да жылытады.

Бірақ, далаға шыға алмайды. Сырттағы қызықты теледидардан көреді. Бар ермегі де осы көк жәшік. Қонақ та жиі кірмейді мұнда. Күніне екі мәрте күтушісі бас сұғады. Су тасиды, отын кіргізеді. Тамақ пісіреді. Алайда, бүгінгі көрініс сәл өзгешелеу. Қария үшін экрандағы бағдарламадан, терезенің ар жағы қызығырақ. Көшеде – ығы-жығы адам. Бұл – Өтеміс Аргеновтың халін біліп, көмек қолын созуға келген 6637 әскери бөлімінің бір топ жігіті.

Қолдарында – күрек, бойларында – жігер. Әскери бөлім сарбаздары қарап тұрмай бірден іске кірісіп кетті. Жарты сағат өтер-өтпестен жігіттер ауланы қардан тазалап шықты.

Рустам Дүйсенов – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі 1-ші атқыштар ротасы командирінің орынбасары:

– Өткен аптада қар қалың түсті. Сондықтан, жалғызбасты қариялардың мекенжайларын анықтап, қар тазалауға шықтық. Жаңа ғана осы Ойқалада тұратын басқа қарттың ауласынан ақ ұлпаны шығардық. Осылай көмек қолымызды созып, қамқорлығымызды танытқымыз келеді.

Қамқорлық егде жастағы адамға керек-ақ. Өтеміс Аргеновтың қиын шақта арқасүйер жанұясы жоқ, туыстары бар. Бірақ, қамқорлықты азамат жақындарынан емес, жаны жайсаң өзгелерден жиірек көретін сияқты.

Эльмира Садвокасова