МТРА жаңалықтары

Статистиктер 2019 жылды қорытындылады

Экономика тұрақты өсіп келеді. Солтүстікқазақстандық статистиктер өткен жылды қорытындылады. Мамандардың айтуынша әр салада оң динамика байқалады. Мәселен, өнеркәсіптегі көрсеткіш 2 пайызға артқан. Ал ауыл шаруашылығы өнімін өндіру жарты пайызға жоғарылапты.

Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасынан ойып тұрып орын алған салалардың бірі. Аграрлы аймақ деп аталатынымыз да тектен-тек емес. Бұрын басымдық тек өсімдік шаруашылығына берілсе, қазір мал басын көбейтуді де қатар алып келеміз. Өткен жылы облыс фермерлері 5 мың асылтұқымды ірі қара сатып алды. 3 заманауи сүт-тауарлы ферма жұмысын бастады. Шикізатты дайын өнім ретінде эскортқа шығаруға да бүгінде көп көңіл бөлінуде. Биылғы жетістік – бидай өңдеуді 26 пайызға арттырдық. Көрсеткіштер өз кезегінде аграрлы саладағы өсім деңгейіне әсер етпей қоймады.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Қаңтар мен желтоқсан аралығында 634 млрд теңгенің өнімі шығарылды. 2019 жылы мал мен құс тірідей салмақты 97,2 мың тонна сойылды. Сүт 567 мың тонна сауылды. 802,9 млн дана жұмыртқа алынды.

Ал өндіріс саласындағы жалпы өсім 2 пайызды құрады. Іргелі деген екі зауытта проблема орын алмаса, көрсеткіш бұдан да жоғары болатын еді. 2019 жыл, әсіресе ЗИКСТО мамандары үшін аса қиынға соқты. Кәсіпорын бір жыл бойы тұралап, қызметкерлері жұмыссыз болды. Ал Петропавл ауыр машина жасау зауытының әңгімесі бөлек. Термовагон шығарамыз деп жүріп, басты тапсырысқа қол жеткізе алмады. Бір сөзбен айтқанда, былтыр зауыттықтар соңғы 10 жыл ішінде ең төменгі көрсеткіш көрсеткен. Әйтеуір, Мұнаймаш, Киров зауыты, Bioperation пен Kazmeal сынды кәсіпорындар өндіріс саласындағы жағдайды «құтқарып қалды» деуге болады.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– 2019 жылы қаңтар-желтоқсанда облыстағы өнеркәсіп орындарымен 254 млрд теңгенің өнімі шығарылды. 2018 жылмен салыстырғанда 2 пайызға артық.

Айтарлықтай өсім кен өндіруде байқалады. Қолға алынған жаңа жобалардың нәтижесінде саладағы даму көрсеткіші 5,8 пайызға артты.

Эльмира Садвокасова