Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қалалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті

Петропавл маңында қоқыс үйіліп жатыр. Қалдықтарды тазалап, табиғатты аямайтын жандарды жазалау қажет. Бүгін қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері осындай ұсыныс білдірді. Бұзақыларды анықтау үшін қазір шаһарды айнала 3 тәулік бойы тоқтаусыз жазба жүргізетін заманауи бейнекамераларды орнату мәселесі қарастырылып жатыр.

Бұл жолғы қалалық қоғамдық кеңесінің күн тәртібіне 2 мәселе шығарылды. Алдымен шаһар басшысы Болат Жұмабековтың есебі тыңдалмақ. Бірақ, жиналғандар тыңдырылған істен хабардар екендіктерін жеткізіп, бірауыздан сұрақ-жауап форматына көшуді сұрады. Сөйтіп, жиын басталды.

Александр Казанцев – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Бірқатар мектептермен өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандардың алдында көлік тұрағы қарастырылмаған. Мәселен, №9 орта мектебінің маңы өте тар. Ғимаратқа жүргізушілер машинамен жөнді жақындай алмайды. Көлік қоятын жер жоқ.

Бұл проблемамен Болат Жұмабеков жақсы таныс. Ол биыл аталған бағытта жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Мектептерге кіреберіс жер ыңғайлы етіп жасалуы тиіс. Біз адамдардың, оның ішінде оқушылардың қауіпсіздігін ойлауымыз қажет. Қалада бос, яғни жекеге өтіп, игерусіз жатқан аумақтар бар. Былтыр олардың біразын әкімдік балансына қайтардық. Биыл осы учаскелерді пайдаға жарату жайын қарастыратын боламыз.

Пайдаға жаратылады, яғни аумақтарға автокөлік тұрақтары салынуы мүмкін. Жиын барысында шаһар басшысы мектептердің маңына турникет қою мәселесіне де тоқталды. Мұндай дүние машиналардың әрлі-берлі жүруіне жол бермейді. Нәтижесінде қауіпсіздік артады. Биыл білім саласына 16 млрд теңге бөлінген екен. Бұл соманың бір бөлігі жаңағы аталған турникетке жұмсалмақ. Ал қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі
Виктор Бондаренконы басқа мәселе қынжылтады. Ол қала маңында шашылып жатқан қоқыс жиналса дейді.

Виктор Бондаренко – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Саяжай учаскесіне бара жатқанда тау-тау болып үйіліп жатқан қоқысты көресің. Ішің ашиды әрі соны тастап кеткен тұрғындар үшін ұяласың. Табиғатты аялау қажет қой. Мұның алдын алу қажет. “Жасыл ел” сынды еңбек жасақтарын тартып, қоқысты жинаған жөн.

Жинаудан бұрын, қоқыс тастап, табиғатқа жаны ашымайтын жандарды жазалау қажет. Қала әкімі қазір бірқатар учаскелерге бейнебақылау камераларын қою жайы қарастырылып жатқанын айтты.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Новопавловка, Солнечный, саяжайлар учаскесіне қоқыс жиі тасталады. Бұл жерге тәртіп сақшыларын белгілеу тиімсіз. Сондықтан, сапалы камераларды орнатамыз. Осы құрылғылардың көмегімен ортақ тәртіпті сақтамайтын жандарды қолға түсіріп, максималды түрде айыппұл саламыз.

Бүгінде қала сыртындағы аудандарға еуропалық камераларды орнату жоспарланып жатыр екен. Олар 3 тәулік бойы тоқтаусыз жазба жүргізетін көрінеді. Тағы, жиында қалалық қоғамдық кеңесінің төрайымы Бақытжан Сәмиева да есеп берді.

Байболат Бектемірұлы