Білім

Жастарға бизнес ашудың жаңа жолы

Кәсіп ашамын деген студенттерге жергілікті бизнес алыптары көмектесетін болады. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер палатасы жаңа жобаны іске қосты. Қалалық колледждердің бірінде іскерлік HUB ашылды.

Тапшы тауарларды қымбатқа сатып, ақша жасау. Бұл – 90-шы жылдардағы бизнес. Егемендікке енді қол жеткізген елдің экономикасы ақсап тұрған шақ еді. Сондықтан, ол кездің ұраны сол – бай болам десең, саудамен айналыс.

– Были не предпринимателями, а коммерсантами с большими сумками.

Ал қазір ше? Қазір жағдай басқа. Баста идея болса болды, ал мүмкіндіктер шаш етектен. Әсіресе, жастарда. Петропавлдағы колледждердің бірінде жуырда кәсіпкерлік HUB ашылды. “HUB” дегеніміз – “орталық”-тың заманауи атауы. Жұмысы оның қарапайым. Студенттер жоба әзірлейді, ал оны жүзеге асыруда өңірлік бизнестің алыптары көмектеседі.

Владимир Литвиненко, СҚО кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы:

– Әр студенттің өз тәлімгері болады. Тәжірибелі кәсіпкер оған ақыл-кеңестерін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады. Осылайша, жеке ісін ашуға итермелейді. Шыны сол – болашақ бизнесменге табысты бизнесменнен артық кеңесші жоқ.

18 жасар Елена Парфёнова диплом алар күнін асыға күтіп жүр. Бірақ, бес минутсіз бастауыш сынып мұғалімі жұмысқа жуық арада шықпайды. Сәби сүйгелі отыр, өйткені. Тек декреттік демалыста бос отырғанша, неге кәсіп ашпасқа?

Елена Парфёнова, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:

– Жасыратыны жоқ, кей жас мұғалімдер 1-2 сыныптардағы көп балаға ие бола алмай жатады. Салдарынан, бүлдіршіннің бастапқы білімі шалағай болып шығады. Өйткені, әр балаға жеке көңіл бөлу керек. Сондықтан, оқыту орталығын ашсам деймін. Онда балаларды мектепке сапалы даярлайтын боламын.

Идея да, мүмкіндік те бар. Евгения Яковлева – тігінші, жуырда оқуын аяқтайды. 17 жасар қыздың қолы алтын, қазірдің өзінде көйлекті көзді жұмып піше біледі. Ол да қарап отырмақ емес. Талантын ХАБ-та табыс көзіне айналдырмақшы.

Евгения Яковлева, СҚ кәсіптік даярлау және қызмет көрсету колледжінің студенті:

– Бұл HUB – керемет жоба. Бизнесменнің шәкірті болу – үлкен мүмкіндік. Менің арманым – ателье ашып, тапсырыспен киім тігу. Алдымен өзім жұмыс істеймін, ал ісім өрге домалап жатса, аппаратура алып, жұмысшыларды тартсам деймін.

Бірақ, әзірге бұл тек идея, тек жоспар. Оны жүзеге асыра ала ма, жоқ па – әркімнің өз қолында. Орталықты ашқан кәсіпкерлер палатасы мен іскер азаматтар біздің міндет – тек көмек дейді. Қаржылай емес, ақыл-кеңеспен. Бұл көмекке кез келген студент жүгіне алады. Қысқасы, кезекті жаңа жобаның арқасында Солтүстік Қазақстанның бизнес саласында көп кешікпей жаңа есімдердің пайда болуы әбден мүмкін.

Саят Ермек