Ауыл шаруашылығыҚоғам

Солтүстікқазақстандық кәсіпкер малды тірідей экспорттауға қарсы

Жақында елімізде малды тірідей экспорттауға уақытша тыйым салынды. Бұл шешімді солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер бірауыздан қолдап отыр. Мәселен, 20 жылдан бері қазақтың ақбас сиырын көбейтіп келе жатқан білікті шаруа Сейілбек Махметов ірі қара етін өзімізде өңдеп, сыртқа дайын өнім ретінде шығарған әлдеқайда тиімді деп санайды.

Солтүстікқазақстандық кәсіпкер Сейілбек Махметов 20 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Қазір қорасында 1500-ге тарта ірі қара бар. Асырап отырған асыл тұқымдылардың барлығы – қазақтың ақбас сиырлары. Бұлар солтүстіктің қытымыр қысына төзімді келеді әрі өнімділігі де шетелден әкелініп жатқан сиырлармен бірдей.

Сейілбек Махметов – «Фирма Бабық-Бұрлық» ЖШС директоры, Айыртау ауданы:

– Бұлар суыққа төзімді, тамақты жақсы жейді. Сосын бұлардың өсімі оңды. 1 жылғы бұзаулар 300 келіге дейін өседі.

Қазіргі күні елімізде ет өңдейтін кәсіпорындардың көбісі толық қуатта жұмыс істей алмай жатыр. Мұндағы басты себеп – шикізаттың тапшылығы. Өйткені, қазақстандық ірі қаралар жаппай шет мемлекеттерге сатылып жатыр. Сол себепті, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта мал экспортын тоқтатпақ. Бұл болашақта отандық кәсіпорындарды сапалы шикізатпен қамтып, дайын өнімнің экспортын арттыруға мүмкіндік береді. «Фирма Бабық-Бұрлық» серіктестігінің директоры Сейілбек Махметов те бұл өзгерісті толықтай қолдаймын дейді. Оның айтуынша малдарды сыртқа тірідей өткізген тиімсіз.

Сейілбек Махметов – «Фирма Бабық-Бұрлық» ЖШС директоры, Айыртау ауданы:

– Тірідей жас төлдерді әкетеді ғой. Оның ішінде 50 пайызы – қашарлар. Ал олар – ертеңгі болатын сиырлар. Сондықтан, олар бізде емес, басқа мемлекетте төлдеп, сол ел 2 есе пайда көріп отыр.

Солтүстікқазақстандық кәсіпкер елімізде ет өңдеуге басымдық беру қажет дейді. Ол үшін мал санын арттырып, ет өңдейтін кәсіпорындар ашқан жөн деп санайды.

Сейілбек Махметов – «Фирма Бабық-Бұрлық» ЖШС директоры, Айыртау ауданы:

– Бар мәселе ұрғашы малдар өзімізде қалу қажет. Биылдан бастап өз тағамдарымызды өзіміз дайындап шығару керек.

Кәсіпкер өзі де бүгінге дейін сырт мемлекетке мал сатып көрмедім дейді. Бағып отырған ірі қараларының барлығын еліміздің солтүстік аймағындағы кәсіпорындарға өткізеді екен. Жалпы, Айыртау ауданында 76 шаруашылық бар. Қазіргі күні фермаларда 7,5 мыңнан аса ірі қара мал өсіріліп жатыр.

Бердімұрат Баймұқан