ТЖ

СҚО-да 3 күнде қар құрсауынан 25 көлік шығарылған

Дауылды ескертуді елемегеннің салдары. ТЖД қызметкерлерінің сөзінше осы демалыс күндері өңірде боран, әсіресе, Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев және Шал ақын аударында аса қатты болған көрінеді. Мамандар 3 күнде  қар құрсауында қалып қойған 150-ге жуық адамды құтқарған.

Бұл – Сергеевка қаласы. Ақтүтек бораннан жол көрінбейді. Темір тұлпардың жүргізушісі үйдің арасы осындай болса, трассадағы жағдай қандай екен деп үрейленіп отыр.

Ал көкшетаулық балықшылар ауа райының қыңыр мінезінен сескенбепті. 112-ден келген үздіксіз хабарламаларға да мән бермеген көрінеді. Ескертулерді елемеген жандардың көлігі Тайынша ауданындағы Теңдік ауылының маңында аударылып қалған. Абырой болғанда жолаушылардың барлығы дін аман.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Қаңтардың 23-і мен 26-сы аралығында облыс аумағында қар құрсауынан 25 көлік шығарылып, 149 адам құтқарылды. Оның 11-і -бала. Тағы 3 жүк көлігі мен 1 автобус шығарылды. Жалпы, құтқару шараларына 120-дан астам маман мен 60-қа жуық техника жұмылдырылды.

Синоптиктердің сөзіне сенсек, бүгіннен бастап облыс аумағында ақтүтек боран бәсеңдиді. Есесіне ауа температурасы төмендейді. Сынап бағанасы -20 градустың төңірегінде болады.

Актолкын Солтанханкызы