БалаларМәдениет

Петропавлда “Тәтті кітап” байқауы өтті

Оқушылар өзара торт пісіріп жарысты. Химия-биология бағытындағы НЗМ-де “Тәтті кітап” байқауы ұйымдастырылды. Сайысқа қатысушылар танымал жазушылардың шығармаларын оқып, туындыдан алған әсерлерін дәмді өнім арқылы жеткізуге тырысты. Баларды кітап оқуға баулу мақсатымен өткізілген ерекше іс-шара Абай Құнанбаевтің 175-жылдығына арналды.

Бұл жерге кіріп келгенде кондитерлердің фестивалі өтіп жатыр деп ойлап қалуға болады. Себебі, әр үстелде тәтті торт әзірлеу барысы қызу жүруде. Аспаздардың киімін киген сайыскерлердің барлығы – жергілікті НЗМ-нің оқушылары мен ұстаздары. “Тәтті кітап” байқауы аталған білім ордасында екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Шара “100 кітап” жобасы аясында өткізілуде.

Нұрикамал Сайдуова – Химия-биология бағытындағы НЗМ кітапханашысы:

– Іс-шараның мақсаты – ата-аналарды болсын, оқушылармен ұстаздарды болсын оқуға деген ынталарын арттыру. Байқауда қатысушылардың барлығына 20 минут уақыт беріледі.

Ерекше байқауға 14 шаңырақ қатысты. Әр топта – 3 оқушыдан, ата-ана және бір ұстаз бар. Сайыс ережесіне сай барлық қатысушылар өздері қалаған 1 кітапты оқып шығулары керек болатын. Осылайша берілген шығарманың толық мазмұнын біліп, соған қарай тәтті торт әзірлеуі – шарт. Мәселен, “Ұрпақ” командасы Қабдеш Жұмаділовтің “Сәйгүліктер” туындысын оқып, кітаптан алған әсерін торт арқылы жеткізіпті.

Рамина Айбекқызы – Химия-биология бағытындағы НЗМ оқушысы:

– Іс шараның негізгі маңыздылығы – оқыған кітаптарымызды, көрермендерімізге ұсыну. Оны біз тәтті тағам ретінде жеткізіп жатырмыз. Шараға ұзақ уақыт дайындалдық. Тортқа арнайы керек заттарды сатып алдық.

Ал мына торт көрермендердің көзайымына айналды деуге де болады. Себебі, “Ағынтай батыр” командасы сайысқа ерекше креативті көзқараспен дайындалған. Олар француздың классик жазушысы Жюль Верннің “Два́дцать ты́сяч лье под водо́й” атты шығармасын оқыған. Соған сүйене отыра ойларындағын тәтті арқылы жеткізуге тырысыпты. Мади Мукаштың айтуынша бұндай шаралар адамның рухани дамуына септеседі.

Мади Мукаш – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Біз тортты 20 минуттың ішінде жасап үлгердік. Менің ойымша біздің торт ерекше шықты. Осы байқаудың арқасында өзімнің жаңа қырларымды аштым.

Айта кетейік, байқауда пісірілген ең үлкен торттың салмағы – 15 келі. Бірақ, басымдық оның салмағына емес, тәттінің безендірілуіне, әзірлеу технологиясы мен таныстырылымына берілді. Ал кештің соңында ерекше сайыстың жеңімпаздары да белгілі болды. Бас жүлде “Ағынтай батыр” командасына бұйырды.

Дана  Ешкенова