Мәдениет

Облыстық «Фурор» бал биі фестивалі өтті

Нәзіктік пен шынайы сезімге толы. Петропавлда облыстық «Фурор» бал биі фестивалі ұйымдастырылды. Оған “Доминанта”, “S’avancer” және “Sensitive” би ұжымдары қатысып, өнерлерін паш етті.

Біріккен Араб Әмірліктері, Италия, Болгария және Ресей. Ортада – ел сахналарын ғана емес әлемді бағындырып жүрген “Sensitive” би театры. Жастар музыканың “Самбо” жанрында өнер көрсетіп жатыр. Жалпы, ұжымға 30-дан астам өнерпаз мүшелік етеді.

Айнұр Саинова – “Sensitive” бал биі ансамблінің мүшесі:

– Биыл «Sensitive» ансамблінде өнер көрсетіп жүргеніме 3 жыл болды. Осы уақыт аралығында бірталай Халықаралық конкурсқа қатысып, жүлделі оралдық. Сондай-ақ, былтыр елімізде алғашқы болып құлағының мүкісі бар жандардың театрын ашқан болатынбыз. Алдағы уақытта жаңа сахнаны дамытуды көздеп отырмыз.

Бұл – “S’avancer” хореографиялық мектебінің бишілері. Қыздардың музыкаға сай би қимылдары жиналғандарды тәнті етуде. Түрлі түсті костюмдері де өздеріне жарасымды.

Камила Сұлтанғалиева – “S’avancer” хореографиялық мектебінің мүшесі:

– Мен 7 жасымда бал биі ансамбліне мүшелік еттім. 4 жыл өткен соң жаңа қимылдарды үйрену мақсатында спорттық би судиясына келдім. Сондай-ақ, S’avancer хореографиялық мектебінде тәжірибемді шыңдап жатқаныма 2 ай болды.

Сахна төрінде жастардан бөлек, тәжірибелі бишілер де өнер көрсетті.

Владислав Оленчук – “Доминанта” спорттық бал биі студиясының жетекшісі. Бұл салада 30 жылға жуық тәжірибесі бар.

Өткен жылы өңірде алғашқылардың бірі болып мүгедек жандарды арбада отырып билеуді үйрететін үйірме ашқан. Қазір екі шәкіртін би билеудің қыр-сырына баулып жүр.

Владислав Оленчук – «Доминанта» спорттық бал биі студиясының жетекшісі:

– Облыстық «Фурор» бал биі фестивалін екінші жыл қатарынан өткізіп жатырмыз. Тәжірибе алмасу мақсатында бас қосып, осындай концерт ұйымдастырамыз.

Нәзіктік пен шынайы сезімге толы. Облыстық «Фурор» бал биі фестивалі бір сағатқа созылды. Барлығы 100-ден астам адамды біріктірген 3 ұжым өнер көрсетті.

Маржан Қасымбек