ҚоғамХалық тарих толқынында

Ирина Сидельникова блокада жайлы

Жаңбырдай жауған снаряд пен бомбалар, қыстың қақаған аязы мен аштықтан бұратылған халық. Жау құрсауында қалған Ленинградтағы азапты 872 күннің Петропавлда бүгінде 5 куәгері тұрып жатыр. 3 млн-дай адамға пана болып, кейін тұтқынға айналған қала мен блокада туралы өз естеліктерімен Ирина Сидельникова бөлісті.

– Мы были в гостях, когда услышали выступление Молотова. Отец достал военный билет и отправился в военкомат. Вот так для нас началась война.

Бұл Ирина Сидельникованың 5 жастағы кезі мен оның ағасы. Фотоға ҰОС басталмас бұрын түсіпті. Суретті әкелері фронтқа кеткенде төс қалтасына салған екен. Әр ұрыс пен кескілескен шайқаста азаматқа дәл осы фото рух берген көрінеді. Ирина Сидельникова ол кезде небәрі 5 жаста еді. Балабақшаға барып, бос уақытын ойын ойнаумен өткізетін кішкентай қызды қан майдан бір күнде-ақ есейтті. Сол кезең бүгінде 84-тегі қарияның еміс-еміс есінде қалыпты.

Ирина Сидельникова – блокадашы:

– Жылдар өткен сайын балалық та, жастық шағым да ұмытылуда. Бірақ, есімде айқын сақталған кейбір сәттер бар. Соғыс басталғанда балаларды ата-аналарынсыз бірден эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Жоғалып қалмас үшін қалтама аты-жөнімді тігіп, жазып қойыпты. Осылайша, барлық ұл-қыздарды қаладан алып кетті. Бірақ, біз көпке ұзап үлгергеніміз жоқ. Қашқан жерге де фронт жақындап, Ленинградқа қайта оралуымызға тура келді.

Ал жарты жылдан кейін туған шаһарлары Ленинград жау қоршауында қалды. Кішкентайлар күлкі мен қуаныштан айырылды. Тұрғындардың көз алдарында тарихи ескерткіш пен мәдени нысандардың тас-талқаны шықты. Кейін көшеде снарядтардан қаза тапқан балалар мен әйелдердің денесін көру де үйреншікті дүниеге айналды. Олардың бар ойы ертеңгі таңды аман-есен қарсы алу болатын.

Ирина Сидельникова – блокадашы:

– Ленинградта тұрғанымызда үйіміздің жанында су жаңа мектеп салынған еді. Балабақшадан кейін сонда оқимыз ба деп жүргенбіз. Соғыс пен блокада басталғаннан кейін, нысан бомбадан тығылатын орынға айналды. Бір күні оған да снаряд құлап, күл-талқаны шықты. Кейін мұндай пана жер астынан қазылды. Бұл жұмысқа тұтқынға түскен 4 фашист жұмылдырылды. Неге екенін білмеймін сол сәт әлі де көз алдымда. Бірақ, Кеңес жауынгерлері немістерді қинаған жоқ. Екеуі қазып, екеуі демалып, кезекпен жұмыс істеді.

Қала толығымен жылу мен судан, кәріз жүйесінен ағытылды. Алайда, бомба мен снарядтардың дыбысы, коммуникацияның жоқтығы тұрғындардың басына түскен үлкен азаптың бір бөлігі ғана болатын. Себебі, фашистер ең бірінші кезекте азық-түлік қорларының көзін жойды. Осылайша, бірнеше айдың ішінде шаһарда тамақ бітті. Рацион қара су мен қара наннан тұратын. Соңғысын нан деп атаудың өзі қиын болған.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Бүгінде дүкенге бара қалсаң, сөрелерден нанның кез келген түрін таңдай аласың. Бірақ, блокадалық Ленинград тұрғындары үшін ас атасының тек бір түрі болатын. Ашытқыштың орнына – целлюлоза, сүттің орнына – қарағай қылқаны. Тағы күнжара, яғни жом да қосылыпты. Құрамында әлбетте аздаған қарабидай ұны да болған. Құнарлылығы жоқ, тәбет қашыратын мұндай азық / күніне 125 грамнан ғана үлестіріліпті. Бұл – нанның шамамен мынадай ғана бөлігі.

Әлбетте, алақандай тамаққа тоймайсың. Бірақ, соның өзі ленинградтықтар үшін дүниедегі ең тәтті азық саналды. Нанның дәмі блокадашылардың әлі де есінде.

Ирина Сидельникова – блокадашы:

– 1942 жылы анамда дистрофияның соңғы кезеңі болды. Яғни, эвакуацияланбай, Ленинградта қалса, ағам екеуміз одан айырылар едік. Батыл адам еді. 29 жасында балалары үшін ештеңеден тайынбады. Ағаммен балабақшаға баратынбыз ол кезде, аз-маз тамақтанатызбыз. Анамыз бәрібір бір үзім нанды бізге бөліп беретін. Қатты арықтап, өлімге жақындағаны да сондықтан ғой.

1942 жыл наурыз. Қақаған қыс бітті. Ладога көлінің мұзы жұқара бастаған кез. Өмір жолы деп аталып кеткен көл тағы да бірнеше отбасыны өлімнен құтқарды. Түнгі уақытта 8 бірдей машина жолға шығып, блокададан құтылмақ болған. Діттеген жеріне тек төртеуі ғана жетіпті. Бірінде Ирина Сидельникованың бүтін бір отбасысы болды. ҰОС бітті, әкелері қан майданнан оралды. Балалар мектеп тәмамдап, мамандық иесі атанды. Ирина Васильевна өзінің еңбек жолын Петропавлда бастады. Калинин атындағы зауытта 35 жыл істеп, құрметті еңбек демалысына шықты. Бүгінде зейнеткер мектептерге барып отты жылдары от кешкендердің батырлығын баян етеді.

Снаряд пен бомбадан, қақаған қыстың суығы мен аштықтан қаза тапқандардың статистикасы адам шошытарлық. Ленинградтың 1941 жылға дейін 3 млн, ал блокадаға дейін 2,5 млн халқы болыпты. Батыр қала жау құрсауынан босағанда тұрғындардың саны 557 мыңды ғана құраған.

Ленинград тұрғындарыны саны:

– ҰОС дейін – 3 млн
Ленинград блокадасына дейін – 2,5 млн
Блокада соңында – 557 мың

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

“Ленинградтық өренім!
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді!
Бұлағымдай көремін.”

– Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» деп аталатын өлеңінің бұл жолдары баршамызға жақсы таныс. 1941 жылы жарық көрген туынды ҰОС кезінде Бүкілодақтық радио арқылы оқылды, плакатқа басылып, көшелерге ілінді. Осылайша майдангерлер мен қоршауда қалған халықтың қайратына қайрат, жігеріне жігер қосты. 872 күнге созылған блокада тұрғындарының ұранына айналды.

Эльмира Сәдуақасова