МәдениетҚоғам

Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған концерт өтті

Көзімнің қарасы, Күй, Жыл мезгілдері және Сегіз аяқ. Биыл Абай Құнанбаевтың дүниеге келгеніне – 175 жыл. Осыған орай Жастар сарайында ұлы ақынға арналып концерт ұйымдастырылды. Жиында өңірімізден бөлек, Нұр-Сұлтан қаласы мен Ресей елінен келген күміс көмей әншілер мен бишілер өнер көрсетті.

“Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді” деп бекер айтпаса керек. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев артында мәңгі жасайтын сөз қалдырды. Терең мағыналы туындылары әлі күнге дейін құндылығын жоғалтқан емес, жоғалтпайды да.
Ұлы ойшылдың 170-ге жуық өлеңі, 3 поэмасы және 45 қарасөзі бар. Оның әр шығармасы мазмұны мен көркемдігі жағынан ерекшеленіп тұрады. Абайдың туындылары орыс, қытай, француз және басқа да көптеген тілге аударылған.

Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Павел Черных Абай Құнанбаевтың өлеңіне жазылған әнді шырқап жатыр. Өнерпаз ғашықтық сезімін небәрі 5 шумақ өлеңнің ішіне сыйдыра білген ақынға бас иетінін айтады.

Павел Черных – РФ еңбек сіңірген әртісі:

– Мен Абай Құнанбаевтың туындысын алғаш рет шырқап отырмын. Өлеңді естіген кезде аудармасыз-ақ оның не туралы жазылғанын түсіндім. Алдағы уақытта ақынның басқа да шығармаларымен танысқым келеді.

“Айттым сәлем, Қаламқас”, “Қараңғы түнде тау қалғып”, “Жыл мезгілдері”. Абайдың шығармалары бізге аманат болып қалған. Асыл мұрамызды бүгінгі жастар да жарыса жаттап жүр.

–  Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын біле тұра тексермедім.

– Өлсе өлер табиғат, адам өлмес. Ол бірақ, қайтып келіп ойнап күлмес.

Сахнада – Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттік хоры. Өнерлі ұжым Нұр-Сұлтан қаласынан Петропавлға арнайы ат терлетіп келіпті.

Айзада Дүйсенова – Қазақ ұлттық өнер университеті хор бөлімінің дирижері, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Ұжымда 40-қа жуық адам өнер көрсетеді. Абайдың шығармалары арқылы ішіңіздегі сұрақтың жауабын табасыз.

Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін кеште жалпы 20-ға жуық концерттік нөмір көрсетілді.

Маржан Қасымбек