ҚоғамХалық тарих толқынында

Қаңтардың 27-сі – Холокост құрбандарын еске алу күні

Қаңтардың 27-сі – Холокост құрбандарын еске алу күні. Осыған орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде фотокөрме ашылды. Мәскеулік тарихшылар әзірлеген бірегей экспозицияны алғашқылардың бірі болып біздің арнаның түсірілім тобы да көріп қайтты.

Холокост – нацистік Германияның еврейлерді жаппай қыруы. 33 пен 45-ші жылдар аралығында бұл қатігездіктің салдарынан білдей бір ұлт жер бетінен құрып кете жаздады.

Рашбиль Евдаев – СҚО еврей мәдени орталығының төрағасы:

– Народ будет помнить, наши дети и внуки будут помнить! Я желаю, чтобы больше это никогда не повторилось.

Саят Ермек – тілші:

– Еврей ұлтын түп-тамырымен жою үшін фашистік Германия өзі жаулаған қалалардың көбінде өлім лагерлерін жасақтап отырған. Сондай лагерлердің бірі – Польшадағы Люблин қаласындағы Майданек. Дәл осы мекенде фашистер 80 мыңнан астам Еуропа еврейлерін айуандықпен өлтірген. Нақтырақ айтар болсақ, газ камералары мен крематорийлерде тірідей жағып жіберген. Арасында ересектер де, қарттар да, тіпті, балалар да бар. нацистер ешкімді аямады.

Белжец, Дахау, Бухенвальд, Собибор лагерлері тағы бар. Ал Украинадағы “Бабьий Яр”-да мыңдаған адам асқан қатігездікпен атылып, алып орларға көмілді. Холокост құрбандарының жалпы саны жан түршіктіреді – 6 млн еврей, 1,5 млн-ы – бала.

Алексей Коробченко – Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің кеңесшісі:

– 1945 жылдың 27-ші қаңтары, яғни осыдан тура 75 жыл бұрын Қызыл Армия жауынгерлері / ең үлкен әрі ең қатігез нацистік лагерь – “Освенцим”-ді фашистерден азат етті. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының шешімімен бұл күн Холокост құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.

Мәскеудегі “Холокост” ғылыми-ағарту орталығы мен Ресейдің Қазақстандағы елшілігі бірлесе әзірлеген көрме әлем тарихындағы осы бір қанды кезең турасында сыр шертеді. 70-тен астам тарихи фотосурет, Ресей, Швейцария мен Франция архивтерінен алныған құжаттар, аман қалған еврейлердің хаттары – бәрі 12 баннерге сыйдырылған. Экспозициямен облыстық тарихи-өлкетану музейінде танысуға болады.

Саят Ермек