ҚоғамХалық тарих толқынында

314-шы атқыштар дивизиясының жауынгерлерін еске алу

Осыдан тура 76 жыл бұрын Ленинград жау құрсауынан босап, 2 жыл 3 айға созылған блокада бұзылды. Өлкемізде құрылған атақты 314-ші атқыштар дивизиясы қаланы жауға бермей, азат етуге орасан үлес қосты.

41-дің шілдесі. Петропавлда әйгілі 314-ші атқыштар дивизиясы құрылады. Құрамында 10 мың жауынгер бар. 75 пайызы – солтүстікқазақстандықтар. Қолына бұған дейін қару алып көрмеген 10 мың сарбаз небәрі 1 ай ішінде әскери дайындықтан өтеді. Өтеді де, қан майданның қақ ортасына жіберіледі – Ленинград түбіне.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– 1941 жылдың 6 қыркүйегінде 314 атқыштар дивизиясы Ленинград түбіндегі алғашқы ұрысқа қатысты. Олар финн және фашист әскерлерінің қосылуына жол бермей, Ленинградты қорғауды бастады. Бүгінгі күні тарихшылар Ленинград шайқасын ҰОС жылдарындағы ең ірі шайқастың бірі деп санайды.

Қанша қан төгілді, жан берілді, бірақ дивизия стратегиялық маңызды шаһарды жауға бермеді. 900 күн – осынша уақыт біздің жауынгерлер қаланы қорғады. Ерлік еленді.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– 314 атқыштар дивизиясының 12 мыңнан астам жауынгері орден-медальдармен марапатталған. Олардың 3-еуі Кеңес Одағының Батыры атағын алған.

76 жыл толды бүгін, Ленинградтың блокада құрсауынан босағанына. Қаланы жаудан азат еткен дивизияның Петропавлдағы мемориалдық кешені алдында халық көп. Дәстүрге сай олар ескерткішті гүлмен көмкерді.

Көпшілік арасында Ленинград облысынан келген шағын делегация да бар. Жоқ, бұл – қатардағы шенеуніктер емес, іздеу жасақтарының мүшелері. Бұл ерікті отрядтар Ленинград маңындағы майдан даласында қазба жүргізеді. Жерленбей, ажал құшқан жерінде қалып қойған дивизия жауынгерлерін тауып, есімдерін анықтайды.

Светлана Иванова – “Непоколебимый” іздестіру жасағы командирінің көмекшісі, Ленинград облысы, РФ:

– Ұрыс жүрген аумақтың басым бөлігі лай-батпақ. Сарбазды табу былай тұрсын, қазып алудың өзі оңай емес. Кей жағдайда мүрдесі табылғандардың тұлғасын да анықтай алмай жатамыз. Өйткені, көбінің, әсіресе 41-ші жылы кеткендердің, аты-жөні жазылған жауынгерлік медальондары жоқ.

Сондықтан, бәрінің бірдей есімі белігілі емес, өкіншіке қарай, белгілі болмайды да. Мәселен, биыл “Переправа” іздеу жасағы 64 сарбазды жер астынан алып шыққан. Тек 12-сінің ғана жеке тұлғасы анықталыпты. Бәрі – біздің жерлестеріміз. Әлі қаншасы жатыр? Мұны дөп басып айтпақ түгілі, болжаудың өзі мүмкін емес.

Виктор Нефедов – “Переправа” іздестіру жасағаның мүшесі, Ленинград облысы, РФ:

– Бір жауынгердің котелогын таптық. Аты-жөні жазылып тұр екен. Ақпаратты Петропавлға жібергенде майдангердің әлі тірі екені белгілі болды. 17 баласы, 30 шақты немересі бар екен. Соғыстан үйіне аман-есен оралыпты. Ал архивте ол із-түссіз жоғалғандардың тізімінде жүр.

Бұл жасақтар іздеу жұмыстарын жалғастыра бермек.

Саят Ермек