МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің жұмыс қорытындысы

Былтыр СҚ мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 78 мыңға жуық тәркіленген мүлікті аукционға қойған. Бүгінге дейін 24 мыңға тарта зат электронды түрде сатылыпты. Саудадан 12 млн теңге түскен. Бұл ақша қазынаға қайтарылады. Тағы, өткен жылы департамент өкілдері қызметтік орындарды оңтайландыру жұмыстарын да жүргізген екен.

2015 жылдың 17-ші наурызында елімізде қаржы министрінің бұйрығы бекітілді. Бұл жарлықта лауазымды тұлғалар мен қарапайым мамандарға тиесілі қызметтік орындардың аумағы көрсетілген.

Ринат Низамов – СҚ мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы:

– Облыс орталығындағы басшының кабинеті – 25, қабылдау бөлмесі – 10, басшы орынбасарының кабинеті – 20, ал әр қызметкердікі 7,5 шаршы метрді құрауы қажет. Сондай-ақ, пайдалы аудандарға 20 пайыз ортақ және 25 пайыз қосалқы үй-жайлар қосылады.

Қосалқы үй-жайлар деген не? Ол – дәретхана, дәліз және архив. Аудандағы жағдай сәл басқаша. Мұндағы қызметтік орындардың аумағы облыстағыға қарағанда аздау.

– Аудандарда басшының кабинеті – 20 шаршы метр, қабылдау бөлмесі – 10, басшы орынбасарының бөлмесі 15 шаршы метрді құрауы қажет. Ал әр қызметкерге 7,5 шаршы метр аумақ ұсынылуы керек. Сондай-ақ, ортақ және қосалқы үй-жай ауданы 20 пайызды құрауы міндетті.

Егер де бұйрықта көрсетілген талап орындалмаса алдымен түгендеу, кейін оңтайландыру жұмыстары жүргізіледі. Іспен Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті айналысады. Былтыр мамандар ауқымды шаруа атқарып, 5586 шаршы метр аумақты пайдаға жаратыпты. Мысалы, олар М.Жұмабаев ауданындағы қос мекемені бір жерге шоғырландырған. Ал босаған орынға білім бөлімі көшірілген екен.

Ринат Низамов – СҚ мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы:

– СҚО, М.Жұмабаев ауданының қазынашылық басқармасының қызметкерлері мемлекеттік кірістер басқармасының ғимаратына көшіріліп, оңтайлы орналастырылды. Оның нәтижесінде босаған 416,5 шаршы метр аудандық білім бөліміне берілді. 04:30 Осындай жұмыс Ақжар, Есіл, Уәлиханов және Шал ақын аудандарында жүргізілді. Нәтижесінде босаған 1635 шаршы метр орын комуналдық мекемелерге бөліп берілді.

Департамент бюджет қаржысын үнемдеумен де айналысады. Сөзімізге дәлел болсын айтайық, өткен жылға дейін Ғабит Мүсірепов аудандық қазынашылық басқармасы жалдамалы нысанда орналасыпты. Былтыр мекеме өкілдеріне мемлекеттік кірістер басқармасынан орын табылған. Мұнын нәтижесінде әжептәуір ақша қазынада қалған. Тағы, департамент артта қалған 12 айда сот орындаушылары арқылы тәркіленген 76751 дана мүлікті қабылдапты. Қазіргі күні бұл дүниелер мемлекеттік реестрге қойылып, электронды аукцион арқылы сатылып жатыр екен. Бүгінге дейін 24 мыңға тарта зат өткізілген. Түскен ақша 12 миллионнан асады. Бұл қаражат қазынаға қайтарылады. Ал кейбір мүліктер заңға сәйкес тегін берілген.

Далабай Қабдуалиев – СҚ мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы:

– “Газель” маркалы автокөлік Уәлиханов аудандық сәулет және қала құрылысы, құрылыс бөліміне берілді. Ал “LADA Priora” автокөлігі Мамлют ауданының iшкi саясат бөлiмiнiң Жастар ресурстық орталығына берілді. Тағы, “Лада 14” маркалық машина Тайынша аудандық ПБ берілді.

Сонымен қатар, былтыр 13054 литр жанар-жағармай мемлекет меншігіне қабылданыпты. Жалпы сомасы 2 жарым млн теңгені құрайтын өнім қаламыздағы Әскери институтқа тегін берілген. Келесі аукцион қаңтардың 28-і күні таңғы 10-да өтеді. Оған кез келген адам қатысып, мемлекеттік реестрде көрсетілген мүліктерді сатып ала алады. Мысалы, “ВАЗ-21063” машинасын алуға болады. Ол 218 520 теңге тұрады.

Далабай Қабдуалиев – СҚ мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы:

– Аукционға қатысу үшін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы реестрге тіркелу керек. Кейін, арыз білдіріп, 15 пайыз төлемақы жасау қажет.

Айта кетейік, өткен жылы департамент 63976 дана арақ-шарап және темекі өнімдерін жойыпты. Бұл заттар заңсыз саудадан тәркіленіп алынған.

Байболат Бектемірұлы