Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бизнеске берілген балабақшалардың жыры жалғасуда

“Балдәурен”, “Ақбота” мен “Ивушка”-ның жыры жалғасуда. Бұл балабақшалар жыл басында кәсіпкерлерге сенімді басқаруға беріліп, резонанс туғызған еді. Мәселе бүгін қалалық қоғамдық кеңесінің отырысында қаралды. Атқарушы билік өкілдері пилоттық жобаның оң тұстары мол деп отыр, ал қоғам өкілдері бұл “эксперимент” мекемелерде бірқатар проблема тудыруы мүмкін дейді.

Жеке қолға беру керек пе, жоқ па? Сенімді басқарудағы қалалық 3 балабақша айналасындағы дау тыйылар емес. Жергілікті билік бұл дұрыс шешім дейді. Мекемелер бизнес есебінен жөнделеді, нәтижесінде бюджет ақшасы үнемделеді. Бөбекжайларда бұрын болмаған үйірмелер ашылып жатыр. Каратэ, сурет, би – тізім ұзақ.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Біз қазір сенімді басқарушыға әр бала үшін ай сайын 30 мың теңге аударып отырмыз. Қаражаттың басым бөлігі коммуналдық қызметтер мен өзге де шығындарға жұмсалатын болады. Ал инвестор қосымша қызметтер есебінен табыс табады.

Бұл туралы талай айтылды. Қысқасы, бөбекжайларға жан бітіретін керемет жоба. Бірақ, Петропавлдың қоғамдық кеңес мүшелері басқа пікірде. Мәселен, Павел Афанасьев бұл шешімнің залалы балабақшалардың қатардағы қызметкерлеріне тиеді дейді. Жоқ, оларды жұмыстан ешкім шығармайды, бұған инвестордың құқығы жоқ. Мәселе – басқада.

Павел Афанасьев – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Жаңа басшылар манағы 3 балабақшаның ұжымымен жаңа еңбек шартына отырды. Осының салдарынан қызметкерлер биыл еңбек демалысын ала алмайды. Өйткені, 56 күндік тынығуға кету үшін бір жыл жұмыс істеу керек қой, сәйкесінше олар демалысақыдан да қағылады деген сөз.

Заңгердің сөзінше, бұл жалғыз ғана проблема емес. Оның айтып отырғаны мынау – осы пилоттық жоба арқылы инвестор мемлекеттік балабақшаны тегін жалға алып отыр. Өйткені, оның табар табысы құяр инвестициясынан әлдеқайда артық.

Павел Афанасьев – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– 10 жыл ішінде “Grand Broker” компаниясы “Ивушка” балабақшасына небәрі 20 млн теңге қаржы құяды екен. Яғни, жылына 2 млн теңгеден ғана. Қазіргі кез үшін бұл өте аз қаражат. “Балдәурен” мен “Ақбота”-ға бағытталатын ақша бұдан да төмен. Инвестициясын сенімді басқарушы бірнеше жыл ішінде оп-оңай қайтарып алады да кейін тек кілең пайдаға кенеледі. Ал сол пайданы ол өз қалтасына ғана баспай, балабақшаға құярына кім кепіл?

Сондай-ақ, жаңа үйірмелерге бармайтын, қосымша қызметтерді пайдаланбайтындар да болады емес пе? Бәрінің бірдей қалтасы мұны көтермейді, бұл – факт! Мұндай балалардан инвесторға пайда шамалы, сондықтан, қоғам белсенділері, олар қысымға ұшырай ма деп қорқады. Бұлай болса, ата-ананың бауыр еті баласын өзге мемлекеттік балабақшаға ауыстырудан басқа амалы қалмайды. Қысқасы, қоғам өкілдері жобада жіберілген олқылықтар көп деп санайды.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Конкурс 2019-дың 2-ші шілдесінде жарияланды. Балабақшалар сенімді басқаруға берілмес бұрын мәселе облыстық қоғамдық кеңесте талқыланды.

Алайда, конкурстық процедуралар тамызда аяқталған, ал облыстық қоғамдық кеңеске мәселе тек қазанда шығарылыпты. Яғни, талқылау тендер біткеннен кейін ғана басталған. Сондықтан, қазір балабақшалардың ісін қалалық прокуратура мен жемқорлыққа қарсы жергілікті қызмет бақылауына алған. Олар барлық құжаттарды көтеріп, процедуралардың заңдылығын тексеріп жатқан көрінеді. Ал залға бүгін жиылғандар шаһар әкімінің осы мәселеге жауапты орынбасары мен білім бөлімінің басшысына сөгіс жариялау керек деп санайды, жобаны қалалық қоғамдық кеңестің талқысына шығармағандары үшін.

Ерлан Қайырбеков – қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

– Қаладағы тұрғын үйлерде 346 жеделсаты бар. Олардың 8-і тоқтап тұр, 200-дейін ауыстыру керек. Жөндеуді талап ететіндері де баршылық.

Қоғамдық кеңестің отырысында талқыдан түспейтін проблема болды бұл. Лифтілердің жыры әлі де жалғасуда. Бар гәп мынада – тұрғындар жеделсатының жаңасын алмақ түгілі, ескісін жөндей алмай отыр. Өйткені, тым қымбат. Бірақ, қымбат деп қарап отыра беруге де болмайды. Қала әкімдігі республикадан 4 млрд-тай қаражат сұрапты. Егер бөлінсе, 2020 мен 21-ші жылдары 50 шақты лифт жөнделмек. Алайда, кеңес мүшесі, кәсіпкер Сайран Хамзиннің ерекше ұсынысы бар. Жеделсатыларды да сенімді басқаруға берсек қайтеді, тура балабақшалар сияқты.

Сайран Хамзин – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі: 

– Елорда мен Алматыдағы сияқты жасайық. Лифті кәсіпкерге басқаруға беріледі, ол оны өз қаражатына жөндеп, тазартып, тиісті қызмет көрсетеді. Ал тұрғындар болса жеделсатымен әр көтеріліп-түскені үшін ақы төлеп отыратын болады.

Ұсыныс ұнамды болды. Бірақ, бұл үшін әлі біраз шаруа атқару керек. Сондықтан, мәселе тағы кейінге шегерілді. Ал ескі ағаштарды кесу мәселесін кейінге шегеруге болмайды. Қалалықтар бұлай жалғаса беретін болса, “жасыл шаһар” статусынан айырылып қалатын болдық деп шырылдауда. Мәселені бұқара қала әкіміне жеткізген еді. Оның бұған айтар өз уәжі бар.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Тамыз айы естеріңізде болар? Қалада қатты жел тұрып, 70-ке тарта ағаш құлады. Салдарынан кей аудандарда сымдар үзіліп, жарық та өшіп қалды. Әйтеуір, адамдар зардап шекпеді. Кей ағаштар сыртынан әдемі көрінгенімен, іші кәдімгідей шіріген. Оларды кесіп тастағаннан басқа амал жоқ.

Ескі ағаштарды кесуге қатысты қарсылық жоқ дейді кеңес мүшелері. Тек олармен бірге жас желектер де оталып кетпесе болды. Бұған жол бермеу үшін арнайы мамандарды тарту керек деп санайды олар. Өйткені, бүгін бәрін кесіп тастаса, ертең опық жеп қалуымыз ғажап емес.

Саят Ермек