Бизнес және экономикаҚұрылыс

Береке ықшам ауданының тұрғыны монша ашты

Береке ықшам ауданының тұрғыны монша ашты. Жаңа нысан 60-тан астам адамға арналған. Кәсіпкер оны “Даму” қорынан алған қаражатқа тұрғызыпты. Негізі, былтыр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде 695 млн теңгеге 57 жоба қаржыландырылған.

Петропавлда 10-ға жуық қоғамдық монша бар. Алайда, Береке ықшам ауданында мұндай нысан болмаған. Жуырда бұл маңнан жаңа қоғамдық монша тұрғындар қолданысына берілді. Оны жеке кәсіпкер Бауыржан Жаматаев ашқан. Бұған дейін азамат Жамбыл ауданына қарасты ауылда тұрып, 10 жылдай мал шаруашылығымен айналысыпты. Уақыт өте қалаға көшіп келіп, бос отырғанша өз бизнесін ашуды жөн көрген. Сөйтіп, “Даму” қорына барып, мамандардың кеңесіне жүгінеді. Кейін, “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында 3 жылға 6 пайызбен 10 млн теңгеге несие алады.

Бауыржан Жаматаев: жеке кәсіпкер:

–  Құрылыс қаражат қолымызға түскеннен кейін, яғни маусым айында басталды. 6 айдың ішінде мекемені салып шықтық. Сөйтіп, Жаңа жылдың қарсаңында 29-ы күні ресми ашылдық.

Дегенмен, бағдарлама аясында алған қаражат монша құрылысының тек үштен бір бөлігін ғана өтеген. Жалпы, оны тұрғызу үшін 30 млн теңге жұмсалыпты.
Негізі, моншада ерлер мен әйелдерге арналған екі бөлек зал бар. Әрқайсысы 30-ға жуық адамға шақталған. Моншаға түсу құны қалтаны қақпайды. Мұнда зейнет жасындағы жандар үшін жеңілдіктер қарастырылған, ал 5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Бұл Береке ықшам ауданының тұрғындары үшін тиімді. Себебі, енді моншаға түсу үшін қала орталығына барудың қажеті жоқ.

Пётр Ширин – қала тұрғыны:

– Осы моншаға екінші рет келіп отырмын, көңілімнен шықты. Іші таза әрі ыңғайлы етіп жасалған. Асханасы да бар, моншадан шығып ыстық шәй ішуге болады.

Қоғамдық моншаның ашылуымен 10 адам жұмыспен қамтылған.
Жалпы, “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” мемлекеттік бағдарламасы бойынша былтыр “Даму” қорының жергілікті филиалына 695 млн теңге бөлінген.

Арман Менжесаров – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ СҚО бойынша бас менеджері:

– 2019 жылы бөлінген қаржы толығымен игерілді. Ол негізінен өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау мен қызмет көрсету салаларына қатысты бизнес субъектілеріне бағытталды. Былтыр бұл бағдарлама аясында 57 жоба қолға алынды.

Ал 2020 жылға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өңірде ұсынылған жобаларды несиелендіруге 550 млн теңгеден астам сома қарастырылып отыр.

Актолкын Солтанханкызы