Қоғам

Мектеп оқушылары құстарды қоректендірді

Дала құсына жем-азық берудің де қыр-сыры бар? Жас табиғат жанашырлары қалалық саябақта бас қосты. Оқушылар құстарға арнап өз қолдарымен үйшік жасап әкелген.

Қалалық саябақта сарыбауыр шымшық, торғай мен көгершін ғана көзге түседі. Себебі, қыстыгүні өңірімізде осы қанаттылар ғана қалады. Негізі, солтүстіктің сарышұнақ аязы мен ақтүтек боранына құстардың 10 түрі ғана төзімді екен. Қауырт кезеңде тұмсықтыларға қорек табу қиын. Сондықтан, табиғат жанашырлары үйшіктер орнатып, жем-азық қалдырып жатыр.

Михаил Калашников – орнитолог:

– Құстарға күріш, қарақұмық, күнбағыстың қуырылмаған дәнін берген абзал. Көп жағдайда адамдар қанаттыларға қуырылған пісте шашып жатады. Бұл дұрыс емес. Қуырылған шекілдеуікті құстар дұрыс қорыта алмайды. Нәтижесінде денелері ауырлап, ұшулары қиындай түседі.

Мамандардың сөзінше өнімдердің калориясы орташа болуы қажет. Ал көмірсу мүлде болмағаны дұрыс. Себебі, көмірсу құстардың ағзасына кері әсерін тигізеді. Тіпті, өлімге дейін жеткізеді. Тағы, үйшік тым төмен орнатылмауы керек екен. Неге десеңіздер, адамнан сескенбейтін тиындар мен иесімен бірге серуендеуге шыққан иттер қанаттылардың азығын жеп кетуі мүмкін.

Үйшіктерді Кристина Руднева сыныптастарымен бірге жасапты. Бүгін оны орнатып, ішіне азық салып жатыр. Жеткіншек мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отырмын дейді.

Кристина Руднева – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Құстарды қоректендіру – игі іс. Мен осыны түсіндім. Енді, үйшік жасап, оны үйімнің маңына орнатқым келеді. Оған көп уақыт кетпейді. Ағаштан да, бос құтыдан әзірленетін үйшікті де бір сағатқа жеткізбей дайындауға болады.

Оқушылардан бөлек, жергілікті университет студенттері мен Аққайың ауданының жастары да үйшік жасап, қанаттыларға жем-азық қалдырыпты. Қала тұрғындары да қалыс қалып жатқан жоқ. Қазір табиғат жанашырлары күн сайын саябақты аралап, тұмсықтыларға жем, шекілдеуік беріп жүр.

– Тұрғындардың құстар мен жануарларды қоректендіретіні қуантады. Саябақта жүріп мұндай жаны жайсаң жандарды көп кездестіремін. Өзім де барынша азықтандырып тұруға тырысамын.

– Биыл қыс жылы болса да құстарды қоректендіріп тұру керек деп ойлаймын. Өзім үнемі қанаттыларға шекілдеуік пен жем беріп тұрамын.

Бүгінде құстарды қоректендіру акциясы республика бойынша өткізіліп жатыр. Шара наурыздың 15-іне дейін жалғасады.

 

Актолкын Солтанханкызы