МТРА жаңалықтары

Қала әкімінің есептік кездесулері бастау алды

Петропавл әкімі Болат Жұмабеков халық алдындағы алғашқы есептік кездесуін өткізді. Борки, Новопавловка, Солнечный кенттері, 19-шы және 20-шы ықшам аудандарының тұрғындары шаһар басшысына шағымдарын көзбе-көз жеткізе алды. 2 жарым сағатқа созылған кездесу барысында 80-нен астам сауал түсті.

Көз әбден үйреніп қалған трибунаның орнына – кресло, 20 беттік баяндаманың орнына – залдағы халықпен еркін әңгіме. Жұртшылық алдындағы жылдық есебіне Жұмабеков мырза биыл креативпен қарап, ұзақ дайындалса керек, бұқараға жақын болудың бір тәсілі.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Толықтай есеп БАҚ-та берілген, сондықтан мен қысқаша, ең маңызды оқиғаларға тоқталып кетемін. Ал көбіне сұрақтар мен ұсыныстарды тыңдауға уақыт бөлсек, қалай қарайсыздар? Өз есебімді 15-20 минут ішінде қысқаша атап шығуға тырысамын.

Қала басшысы атқарған айшықты шаруасын жарты сағаттың ішінде айтып берді. Ең қызығы, алдында жатқан бума қағазға бірде-бір рет көз салмады. Қош, ендігі кезек – ең қызығында. Атқамінерге сауалын қойып, базынасын баяндағысы келетіндер көп болды. Микрофон алдындағы кезекті өздеріңіз де көріп тұрсыздар.

– “Детская площадка и асфальт в ужасном состоянии”.

– “Детская площадка в негодность пришла, травмоопасная и находится далеко”.

– “Для пожилого поколения установить тренажеры”.

– “Просьба поставить спортплощадку на улице Прохладная”.

Иә, көп базынаның мазмұны – осы. Жылдан жылға жұртшылық аулаға асфальт төсеуді, балалар не спорт алаңқайын орнатуды, үйдің шатырын алмастыруды сұрай келеді. Бұл бір дәстүрге айналып бара жатыр.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Көбіне ұсыныстардың көбі қайталанып түседі. 2019 жылы мұны тоқтату үшін “I-KOMEK” диспетчерлік орталығы ашылды. Онда барлық мәселелерге сараптама жасап, сайтымызда тізімді жариялаймыз.

Сөзінше, асфальттау бойынша бөлек, ал алаңқайларды орнату бойынша бөлек электрондық кезек құрылған. Билік тиісті жұмыстарды сол кезек бойынша атқарып отыратын болады. Өйткені, шаһардағы 300-дей ауланы бір уақытта қалыпқа келтіру мүмкін емес. Ал Асқар Оразалиннің шағымы басқа. Орталық көшелердің көбінде кәріздік құдықтар бар дейді ол. Алайда, жөндегенде, оларға аса мән берілмеген. Салдарынан көлік иелері зардап шегіп жатыр.

Асқар Оразалин – қала тұрғыны:

– Интернационал, Сүтішев, Жамбыл көшелеріндегі құдықтар жерге кіріп, ой-шұқыр болып тұр. Бүгінге дейін, шынымды айтайын, 3 рет дөңгелегімді аустырдым. Жолдарды қабылдағанда әкімдік қайда қарады?

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Иә, кей көшелерді қабылдағанда құдықтардың төмен тұрғанына мән берілмеген. Бұл – бізден кеткен қателік. Биыл магистральдік жолдарды тағы бір тексеріп, мәселені шешіп береміз, уайымдамаңыз.

Зейнеткер Ақық Әлімжанова болса шаһар шетіндегі Заречный кентінде тұрады. Оны толғандырған түйткіл қандай?

Ақық Әлімжанова – қала тұрғыны:

– Екі-ақ көше бар Заречный ауданында, екуінде 4-5 үйден ғана. Бір де біреуі жылу жүйесіне қосылмаған. Алайда, жылу құбырлары дәл үйдің жанынан өтеді, түсінесіз бе? Біз жаз бойы құжаттарды жинадық, қазір олар әкімдікте жатыр.

Смета әзірлеу керек, сараптамадан өту керек, қаржы табу керек – жұмыс жететін дейді әкімдік өкілдері. Бірақ, көп көңіл аударыла қоймайтын Заречныйға биыл орталық жылудың жетуі әбден мүмкін. Бәрі уақыттың еншісінде.

Жұрттан қалмай көкейдегі сауалды мен де қойдым. Шаһарда көлік саны жыл санап артып жатыр. Елорда мен Алматыдағыдай емес, әрине, бірақ кептелістер бізге де жетті. Азанда, түс пен кешкі уақыттарда әсіресе Бөкетовтың бойында ұзын-сонар колонналар пайда бола бастады. Облыстық деңгейде сол Бөкетов көшесін кеңейту мәселесі бірнеше рет талқыланды. Нәтиже бар ма?

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Мәселе көшенің көлемінде емес, бағдаршамдардың дұрыс жұмыс істемеуінде. Жолды кеңейту ойымыз бар, бірақ бұған көп қаржы керек. Біздің ойымызша, кептеліс көп көшелердегі бағдаршамдарды заманауи техникамен құрастырып, көлік көбейген уақытта оларды өткізу мерзімін көбейту. Мұндай заманауи бағдаршам 25-45 млн теңге тұрады, біздің қаламыз үшін өте қымбат нәрсе. Қазір біз Қостанайда арзандауын жасау жайын қарастырып жатырмыз.

Қысқасы, жазға қарай манағы заманауи бағдаршамдар орнатылып, кептеліс түйткілі шешіледі аз да болса. Мәселе – біздің бақылауда.

Жұман Құсайынов – қала тұрғыны:

– Менің аға-жеңгем Жуков көшесі, 38 мекенжайындағы үйден пәтер алуы керек еді. Желтоқсанның 15-16 күндері аламыз деп күткен. Сол уақыттан бері ешқандай үн болмай жатыр дейді. Үй дайын дейді, ол қай уақытта беріледі?

Жуков көшесі бойындағы жаңа үйге қашан көшеміз? Осы сұрақпен келгендер де аз болмады. Тұрғындар күте-күте зарықтық дейді. Қала әкімінің сөзінше, құрылысы біткен баспана әлі қабылданбапты. Шаруа алдағы аптада аяқталып, ақпанның 3-і қоныстандыру басталады. Біз көрсеткен базыналар – есептік кездесудің тек бір бөлігі ғана. Отырыстың өзі 2 жарым сағатқа созылды.

 

 

Саят Ермек