Құқық қорғау органдары

Шал ақын ауданының тұрғыны 3 бірдей елікті атып алған

Браконьерлер бой беретін емес. Кеше ғана М.Жұмабаев ауданында 2 Сібір елігін атқан 3 жігіт қолға түскен еді, бүгін осындай факті Шал ақын ауданында тіркелді. Орда бұзар жас шамасындағы жігіт 3 бірдей елік аулаған.

88-ші жылы туылған Сергеевка қаласының тұрғыны Көктерек ауылының маңынан 3 бірдей Сібір елігін атып алады. Кейін, етін үйге әкеліп, жасырып қояды. Көп ұзамай заңсыз аңшылық фактісі жайлы хабар полицейлерге жетеді. Осылайша іздеу шаралары басталып, күдікті қолға түседі.

Самат Мұқажанов – Шал ақын аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі:

 – Күдікті сот шешімі шыққанша дейін қамауға алынды. Оның үйінен еліктің еті, «Yamaha» маркалы қарда жүретін техника мен «ВАЗ» көлігі анықталды. Сондай-ақ, баспанадан 2 аңшылық қаруы табылды.

Күдіктіге қатысты ҚК-тің 337 бабы бойынша іс қозғалыпты. Ер адамның кінәсі анықталса, жазаланатын болады. Айта кеткен жөн, қазір өңірімізде қаңтардың 6-нан бастап «Барконьер» алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның аясында мамандар 185 заңбұзушылық фактісін анықтапты. Көбінесе тұрғындар аң аулау ережесін сақтамаған екен. Сондай-ақ, қаруды заңсыз қолдану және рұқсатсыз ағаш кесу бойынша 6 іс қозғалып, сотқа жіберіліпті.

Самир Рахматуллин – СҚО ПД табиғатты қорғау полициясының инспекторы:

– Акция барысында 7 текше метр ағаш кесілгені анықталды. Сондай-ақ, 6 Сібір елігін атқандар ұсталды. Қылмысқа қатысы бар тұрғындардың барлығы заңға сәйкес жазаланатын болады.

Осы орайда айта кеткен жөн, биылдан бастап заңнамаға өзгерістер енгізілді. Яғни, ҚК-тің 337 бабына сәйкес браконьерлерге салынатын айыппұл 160-тан 3 мың АЕК дейін өсті. Немесе заңды бұзғандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. «Барконьер» алдын алу іс-шарасы ақпанның 5-не дейін жалғасады.

 

Маржан Касымбек