МТРА жаңалықтары

СҚО-да тұтынушылық кредит алу көбейген

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысында тұтынушылық несие мен ипотека рәсімдеу көрсеткіштері біршама жоғарылаған. Ал депозиттерде жинап жатқан қаржысын жерлестердің дені теңгеде сақтағанымен, айырбастау пунктілерінде доллар мен еуроны белсенді сатып алуда. Ұлттық банктің облыстық филиалы 2019 жылды қорытындылады.

Саят Ермек – тілші:

-Үй салу, көлік, техника не жиһаз алу, той жасау. Осы және өзге де қажеттіліктер үшін кредит алатын солтүстікқазақстандықтардың саны артқан. 2018-ге қарағанда былтыр банктер тұтынушылық несиелерді 20 пайызға көбірек беріпті. Соңғы бір жыл ішінде жерлестеріміз алған займның жалпы сомасы 53 млрд теңгеден асады.

Яки, кредит алу тенденциясы жыл санап өсіп келеді. Бірақ, халықтың оны төлеу қабілеті де артып жатыр дейді мамандар. 2019-да несие бойынша мерзімі өтіп кеткен берешектердің саны 22 процентке қысқарған. Бұған Президент жариялаған кредиттік амнистия да әсер етпей қоймады.

– Тұтынушылық несие алумен қатар ипотека рәсімдеуде де солтүстікқазақстандықтар аса белсенді. 2019 жылы пәтер алуға берілген қарыздардың жалпы сомасы 18 млрд теңгеден асқан. Бұл 2018-бен салыстырғанда шамамен 2 есеге көп. Мұндай өсімнің себебі мынада – бұрын баспананы тек ТҚЖБ арқылы ғана алуға болатын, қазір “7-20-25” бағдарламасы да бар.

Бұдан бөлек, солтүстікқазақстандықтар ақша жинауда да белсенді. Жергілікті банктердегі депозиттерде қазір 181 млрд теңгедей қаржы жатыр. Облыстың бас банкирі Диас Мэлс жинаушылардың дені қарапайым халық дейді.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ директоры:

– Депозиттердің құрамындағы 94,4 пайызы – жеке тұлғалар, қалғаны – кәсіпкерлер және заңды тұлғалар. Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 145,5 млрд теңгені құрады, ал шетел валютасындағы депозиттер көлемі 35,7 млрд теңгені құрады.

Қарапайым тілмен айтқанда, бұқара ақшаны америкалық доллармен емес, өзіміздің теңгемен сақтағанды құп көреді. Валюта айырбастау пунктілеріндегі жағдай мүлде басқа. Солтүстікқазақстандықтар доллар мен еуроны көбірек сатып алатын болған. Ресейдің рубліне деген сұраныс 2019 жылы, керісінше, төмендепті. Ал қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көрсеткіші өлкеде былтыр артқан. Бір жылда 13 пайыздан 21-ге бір-ақ жетіпті. Қысқасы, төлемді қағаз ақша емес, пластик карта арқылы жасау тезірек, тиімдірек әрі қаупсіз. Мұны жерлестер де, кәсіпкерлер де ақырын-ақарын түсініп келе жатқан сыңайлы.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ директоры:

– 5 айдың ішінде 3057 POS-терминалдан 3683 POS-терминалға дейін көбейді. POS-терминалдарды пайдаланатын кәсіпкерлердің саны 234-ке өсті.

Манағы “7-20-25” ипотекалық бағдарламасына қатысуға алғашында теріскейліктер аса құлық танытпаған еді. Бірақ, көп кешікпей жағдай өзгерген сыңайлы. Өткен жылы бұл бағдарлама бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 500-ден астам пәтер берілген. Қазір азаматтар ипотеканы 7 бірдей банктің бірінде рәсімдей алады.

 

 

Саят Ермек