Білім

Музей қозғалысы белсенділерінің форумы өтті

Бүгін қаладағы №2 орта мектебінде музей қозғалысы белсенділерінің форумы өтті. Шараға 30-дан астам оқушы қатысты. Жиын барысында ұл-қыздар тарихи жәдігерлермен танысып, слайд арқылы әр мектептің музейін тамашалады.

Бұл – қалалық №2 орта мектебінің музейі. Мұнда 314-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлеріне тиесілі жәдігерлер бар. Былтыр экспонаттардың қатары толықты. Ресейлік еріктілерден құралған «Переправа» іздеу жасағы Ленинград облысынан 55 солтүстікқазақстандық сарбаздың денесін тапқан болатын. Міне, осы жауынгерлерге тиесілі заттар білім ошағына әкелінді. Бүгін музей қозғалысы белсенділерінің форумына қатысушы жастар мұндағы саптыаяқ, су құятын құты, етік пен белбеу сынды тарихи дүниелерді тамашалап жатыр.

Құдайберген Қоспақаев – қалалық №2 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі:

– Біздің мұражай 314-ші атқыштар дивизиясына арналған. Мұнда 200-ден астам экспонат бар.

Музейден соң, оқушылар акт залында бас қосты. Мұнда форумға қатысушы жеткіншектер өз білім ұяларындағы музейлер жайлы айтып, слайдтар көрсетті. Мәселен, №8 жалпы білім беретін эстетикалық орта мектеп-кешенінде түрлі музыкалық аспаптар сақталады екен. Оларды келушілер тамашалап, шығу тарихымен толығырақ таныса алады.

Лалита Хохлова – №8 жалпы білім беретін эстетикалық орта мектеп-кешенінің оқушысы:

–  Музейіміздің ашылғанына 2 жылдай болып қалды. Бізде қазақ және орыс халықтарының 30-ға жуық музыкалық аспабы бар. Олар – домбыра, шаңқобыз, баян, балалайка және өзге де аспаптар. Алдағы уақытта музыкалық құралдардың санын көбейткіміз келеді.

Жалпы, форумға 30-ға жуық мектеп оқушысы қатысты. Жиын соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

 

 

Бердимурат Баймухан