Қоғам

Ботаникалық бақтың дәл жанынан спорт кешені салынайын деп жатыр

Биіктігі 15 метр болатын жаңа волейбол кешені. Петропавлда көктемде үлкен спорттық нысанның құрылысы басталуы мүмкін. Волейбол кешенін Ботаникалық бақтың дәл жанынан салу жоспарланып отыр екен. Бірақ, бұған қатысты бақтың бас агрономы Равиль Рязапов өз наразылығын білдіруде. Айтуынша, биік ғимарат іштегі сирек өсімдіктерге терезеден түсетін жарықты көлегейлеп тастайды.

Биыл ботаникалық баққа – 108 жыл. Бұл нысанның тарихы тереңде жатыр деуге болады. Оранжереялық кешеннің негізі 1912 жылы қаланған екен. Бастапқыда мұнда лавр мен пияз ғана өсіріліпті. Ал қазір бақта әлемнің түкпір-түкпірінен жеткізілген сирек өсімдіктердің 1800-ге жуық түрін кездестіруге болады. Оның тең жартысы тропикалық жасыл желекке тиесілі. Экзотикалық өсімдіктер талғампаз келгендіктен, оны өсіру де оңай емес. Әсіресе, қысы алты айға созылатын теріскей өңірде. Дегенмен, Ботаникалық бақтың бас агрономы Равиль Рязапов өсімдіктерге барлық қолайлы жағдай жасауға тырысады.

Равиль Рязапов – Ботаникалық бақтың бас агрономы:

– Ботаникалық бақта жарық сүйгіш жасыл желектер өте көп. Олар әрдайым күн сәулесін қажет етеді. Жылыжайға күннің көзі түсіп тұру үшін ешқандай кедергі болмауы керек. Ал жуырда біздің оранжереямыздың маңынан 15 метрлік спорт кешені салынады деп естідік. Бұл биік нысан бақты жауып тастайды. Осылайша, өсімдіктер жарықсыз қалады.

Бұл барлық өсімдіктерге кері әсерін тигізеді деп есептейді оранжерея директоры Артур Рязапов. Оның айтуынша қандай да болмасын құрылыс жұмыстары бақтан 150-200 метр қашықтықта жүргізілуі керек.

Артур Рязапов – Ботаникалық бақтың директоры:

– Күн сәулесінен көлегейлеп тастаса нысанның ішіндегі және даладағы өсімдіктер өле бастайды. Сол себепті, бұл жерде биік ғимарат салуға болмайды. Менің ойымша спорт кешеніне басқа жер қарастыру қажет.

Спорт кешені салынатын жерді көрдік. Шынымен де оранжереяның дәл жанында екен. Дегенмен, бұл – жеке сектор. Ол Қайырбек Хамзин есімді азаматқа тиесілі. Жерлесіміз мұнда спорт кешенін салмақшы. Болашақта нысанда “Қуаныш” волейбол клубының қыздары жаттығатын болады. Қазіргі күні бұрымдылар өңір намысын ұлттық лигада қорғап жүр.

Владимир Шмелёв – “Қуаныш” ВК жаттықтырушысы:

– Біздің клубта кәсіпқой спортшылардан бөлек, жас қыздар да жаттығады. Жастарға үлкен үміт артып отырмыз. Жалпы, қазіргі күні бұл спорт түрімен айналысуға ниет білдіретіндер өте көп. Мәселен, бүгінде клубқа 300-ден астам қыз мүшелік етеді. Олардың жаттығатын жерлері жоқ.

Волейбол клубы өкілдерінің сөзінше жаңа спорт кешені оранжереяға еш кедергі келтірмейді. Керісінше, ботаникалық баққа келушілердің қатарын арттыруға септеседі. Яғни, түрлі деңгейдегі жарыстарға келген жандар оранжереяға бас сұғады. Нәтижесінде түсетін табыс артады. Осы орайда айта кетейік, әзірге нысанның салыну-салынбауы белгісіз. Құрылыс алдында ғимараттың жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізілуі қажет.
Шаһар басшысының орынбасары Асқар Хабибуллинның айтуынша, бұл – жеке сектор. Сол себепті, белгілі бір нысанды салу-салмау мүлік иесінің өз еркінде.

Асқар Хабибуллин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Егер нысан сараптамадан өтіп, ешкімге кедергі келтірмейтіндігі анықталса, бұл нысан салынады. Барлығы сараптаманың қорытындысынан соң белгілі болады.

Оранжерея – бұл қаланың мақтаныштарының бірі. Бірақ, өңірге заманауи волейбол кешені де қажет.

 

 

 

 

Ешкенова Дана