Аптадағы маңызды жаңалықтар

Валюта айырбастағың келсе, жеке куәлігіңді көрсет

Ақша айырбастағыңыз келсе, жеке куәлікті көрсету керек. Қазақстанның Ұлттық банкі валюта алмастыру ережелеріне осындай өзгеріс енгізді. Ол ақпанның бірінен бастап күшіне енбек. Бұған дейін мұндай талап тек 500 мың теңгеден астам соманы айырбастағысы келетіндерге қатысты болатын. Жеке куәлікті ұсынуға енді баршасы міндеттеледі.

Саят Ермек – тілші:

– Ақпанның бірінен бастап бірде-бір пункт сізге жеке куәліксіз валюта айырбастамайды. Бұл кең таралған әлемдік практика және одан еш қорқудың қажеті жоқ дейді Ұлттық банктегілер. Егер айырбастағыңыз келетін сома 500 мың теңгеден төмен болатын болса, пункт сіздің аты-жөніңіз бен ЖСН жазып алады. Ал егер сома 500 мың теңгеден артық болған жағдайда жеке деректерден бөлек, тағы заңды мекенжайыңызды да көрсету қажет. Бұл жерде енді бәрі өзгеріссіз қалды. Осылайша, Ұлттық банк көлеңкелі экономикамен тиімді күреспек ниетте.

Отандық жеке меншік валюта айырбасату орындарын тағы бір жаңашылдық күтіп тұр. Ақпаннан бастап олар сағат таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін ғана жұмыс істейтін болады. Мұндай шектеу не үшін қажет?

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ директоры:

– Кешкі және түнгі уақыттарда айырбастау пункттері валюталық курсты өзгертіп яки жоғарылатып жібермес үшін осы өзгерістер енгізілуде.

Ия, курсты шарықтатып жіберетіндер бар. Ал бұқара мұны көріп, доллар, еуро мен рубль өсіп кетті деп дүрлікпегенде қайтсін?! Алайда, теміржол вокзалдары, әуежайлар мен шекара бекеттеріндегі ақша айырбастау орындарына бұл шектеудің қатысы жоқ. Олар баяғыша жұмыс тәртібін өздері белгілейді. Аумағы 10 мың шаршы метрден асатын сауда орындарындағы валюта айырбастау пункіттері болса, таңғы 9-дан кешкі 10-ға дейін жұмыс істейтін болады. Айта кеткен жөн, Ұлттық банк валюта айырбастаушы ұйымдардың жарғылық капиталын да өсіріп отыр.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ директоры:

– Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларындағы айырбастау пункттері үшін жарғылық капитал 100 млн теңге болып белгіленді. 1 сәуірге дейін олар жарғылық капиталын 100 млн теңгеге дейін көбейтулері керек.

Ал 1-ші шілдеден бастап облыстық маңызы бар қалалардағы айырбастау орындарының шоттарында да кем дегенде 100 млн теңге жатуы тиіс. Ал аудан орталықтары мен ауылдардағы пункттерде 2021-дің 1-ші қаңтарынан бастап жарғылық капитал 50 млн-нан кем болмауы шарт. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, бұл- мәжбүрлі шара. Өйткені, кей айырбастау бекеттерінің басшылары банктен алған ақшаны өзге мақсатқа жұмсап жіберетін көрінеді. Ал азамат ақша айырбастауға келгенде қаржы жоқ деп қайтарып жібереді екен. Осының салдарынан халық тағы да негізсіз дүрлігеді.

 

 

Саят Ермек