МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Айыртау ауданында болды

Мемлекет туризм саласын дамытуға, демалыс орындарына инфрақұрылым тартуға дайын. Бірақ, бұған істі өркендетеміз деп сендірген кәсіпкерлер әзір болмай шықты. Олар бірде-бір лайықты жоба ұсынбаған. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Айыртау ауданына жасаған жұмыс сапары барысында бизнесмендердің белсенді еместігін тілге тиек етіп, қатаң сынады. Сондай-ақ, өңір жетекшісі Саумалкөлде “Ауыл- ел бесігі” жобасы аясында тындырылған шаруамен танысты.

Алдағы істі бүге-шүгесіне дейін талқылау. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов табиғаты шұрайлы Айыртау ауданына осы мақсатпен келіп отыр. Аймақ басшысы төрағалық еткен жиын жоспарлама, таныстырылым форматында өтті. Мұнда бизнесмендер өздерінің ірі туристік жобалары, ал билік өкілдері көрсетілетін қолдау, бөлінетін қомақты қаражат жайында әңгіме қозғады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Дамыту үшін мемлекет тарапынан біраз қаражат бөлінетін болады. 23,5 млрд теңгеден аса қаражат бөлінеді. Бұл ақша жолды, инфрақұрылымды, демалыс орнының жағалауын қалпына келтіруге жұмсалады.

Биыл коммуникация тартыла бастайды. Бұл істі міндетті түрде жүргізу қажет. Өйткені, Айыртаудағы демалыс базаларының басым көпшілігінде электр генераторлары тұр. Мұндай қондырғыны пайдалану қалтаға біраз салмақ салады. Жылу мен кәріздік жүйе жоқ. Ауыз су да тасымалданады. Дегенмен, тындырылатын істің арқасында алдағы 5 жылда “Шалқар-Имантау” курорттық аймағы адам танымастай өзгереді. Нәтижесінде 2025-те туристердің саны былтырғыдан 10 есеге артпақ. Яғни, 600 мың болмақ. Осындай көрсеткішке жету үшін кәсіпкерлер де қарап қалмай, өзекті мәселелерді шешу қажет.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Қазіргі күні бос уақыт өткізу орындарының басым көпшілігінде спорт алаңдары жоқ. Шомылу құралдары, құтқару жилеттері қарастырылмаған. Қарапайым велосипедтер де жалға берілмейді. Тамақтану ісінде де қиындықтар бар. Бүгінде демалыс орындарына азық-түлікті туристердің өздері әкелетіндігі жасырын емес.

Орындықтар, күркелер, ойын-сауық орындары мен коттедждер. Болашақта мұның барлығы бірыңғай стильде болуы қажет. Атқарылатын шаруа бас-аяғына дейін баяндалды, слайдтар да көрсетілді. Бірақ, бұл әлі электронды нұсқа. Істің қалай атқарылатындығын уақыт көрсетпек. Облыс әкімі жиында бизнесмендер белсенділігінің төмендігін сынға алды. Құмар Ақсақалов мемлекет көмек көрсетуге дайын, алайда сол қолдауды пайдалануға кәсіпкерлер әзір емес дейді. Бірде-бір лайықты жоба жоқ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Инфрақұрылымды қайда тартамыз? Сіздер “Инфрақұрылымды жақсарту керек, сонда кәсібіміз де дами түседі” деп жиі айтасыздар. Енді мен нысандардың қай жерде орналасқандығын, қандай жұмыс жүргізу керектігін білгім келеді. Бір ғана үйді салып қоймай, бірден 100-200 адамға шақтап лайықты жағдай жасау керек. Бүгін әлеуеті жоғары жобалар жайлы көп айтылуы керек еді. Олай болмады. Тек мемлекеттік органдардың іс-әрекеті туралы хабардар болып отырмын.

Тындырылмаған тағы бір шаруа бар. Туристерді тасымалдау мәселесін шешу қажет. Яғни, келушілерді вокзалдан табиғаты Норвегия мен Швейцариядан кем түспейтін “Шалқар-Имантау” курорттық аймағына еш қиындықсыз жеткізген жөн. Тағы, қиялға ерік беріп, демалыс орындарында ерекше жобаларды қолға алған маңызды. Мысалы, адамдар атқа мінсе, аквапарктерде уақыт өткізсе, велосипед теуіп, жаяу серуендесе тамаша емес пе!? Мұндай тынығу экологияға зиянын тигізбейді әрі қомақты табыс әкеледі. Оны желкенді спорт дәлелдеді. Осы бір демалыс түрінің арқасында қонақтардың саны артқан. Жазда ғана емес, қыста да меймандарды құшақ жая қарсы алуға болады. Ол үшін нысандар жыл 12 ай жұмыс істеулері керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тағы бір ойланыңыздар. Мүмкін істі өзге де жандармен бірлесіп, инвестор тартып атқаруға болатын шығар. Біз сіздердің шығындарыңызды барынша азайтамыз. Сонымен қатар, Ұлттық парк бойынша тексеру жүргізу қажет. Үлестірілген жердің барлығын бақылауға алыңыздар. Жұмыс жүргізілмей, іс дамымай жатса, аумақтарды мемлекет меншігіне қайтарған жөн.

Туризм саласын дамыту, тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін өткен жылы Айыртау ауданында “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында ауқымды жұмыс атқарылды. 2 млрд теңгеден аса қаржы бағытталып, 18 көше, стадион, аурухана мен 3 білім ошағы жөндеу көрді. Мәселен, Саумалкөл №2 гимназия-мектебінің бассейні араға 25 жыл салып қайта қолданысқа берілді. Жөндеу жұмыстарына 160 млн теңгедей жұмсалыпты. Қазір мұнда күн сайын сабақ өткізіледі.

Батырхан Елубай – Саумалкөл №2 гимназия-мектебінің оқушысы, Айыртау ауданы:

– Біздің мектебімізде осындай бассейннің ашылғандығына өте қуаныштымыз. Барлығына рахмет!

Сонымен қатар, “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында Саумалкөлде дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Дәл осындай нысандар биыл өңіріміздің тағы 2 ауданында пайда болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл дене шынықтыру саласын дамытуға бағытталған қаржы көлемін арттырдық. Футболдан, волейбол мен хоккейден облыс чемпионаттарын өткізіп тұру қажет.

Мемлекет қолдауымен бірнеше жыл тұралап тұрған бұрынғы балалар емханасының тамырына қайтадан қан жүгіреді. Бұл нысанда ауқымды жөндеу жұмыстарынан соң өнер мектебі ашылады. Үйірмелерге 3 жарым мыңнан аса бала қабылданбақ. Айыртау ауданында Саумалкөл ғана емес, болашағы зор Арықбалық селосы да дамиды. Елді мекенге инвесторлар келіпті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мал бордақылау алаңы ашылады, өсімдік шаруашылығы дамиды, қайта өңдеу кәсіпорны пайда болады. Инвестор қаржы құйып, бірталай іс тындыруда, адамдарға жұмыс беруде. Ал мемлекет селоны өркендетуге ат салысады.

Жарық, инженерлік желілер тартылады, абаттандыру жүргізіледі. Бір сөзбен айтсақ, әжептәуір шаруа атқарылады. Мұның нәтижесінде бірнеше жылдан соң Арықбалықтың ажары ашылмақ.

Култанов Байболат