Қоғам

Еріктілер қарияға көмектесті

3-ші топтағы мүгедек жан Валентина Смаглюкова тозығы жеткен үйде тұрады. Нысанның қабырғалары опырылып, шатыры тесілген. Алайда, одан басқа барар жері жоқ. Ал баспана кезегінде 4303-ші болып тұр екен. Жалғызбасты ананың мүшкіл халін естіген ерікті жастар шамалары келгенше көмек көрсетті.

61 жастағы Валентина Смаглюкова өмір бойы жалғыз өзі тұрады. Кезінде М.Жұмабаев ауданында өмір сүрген, кейін қалаға көшуге мәжбүр болыпты. Жалғыз қызы Даша туабітті жүйке жүйесінің дертіне шалдыққан. Қазір 31-де. 24 жыл бойы Петропавлдағы мүгедектер интернатында тұрып келеді.

Валентина Смаглюкова – қала тұрғыны:

– Денсаулығым жиі сыр береді. Ауданнан жету үшін біраз уақыт кетеді. Қызымның хал-жағдайын біліп тұру үшін 11 жыл бұрын қалаға көшіп келуіме тура келді. Бастапқыда жұмыс істеп, нәпақа таптым. Кейін жүре алмай қалдым. 3-топтағы мүгедекпін.

Валентина Михайловна бір бөлмелі, аядай ғана үйде тұрады. Оның өзінде қабырғалары қисайып, төбесі тесіліп біткендіктен, ызылдап үздіксіз жел соғады. Баспананы тозығы жеткен пештің көмегімен жылытуға тырысқанымен одан пайда жоқ. Қарияның баспананы қалып келтіруге қаражаты жетпейді. Мемлекеттен берілетін зейнетақының жартысын банктен алған несиесін төлеуге жұмсайды. Ал қалғаны күн көрісінен артылмайды.

Валентина Смаглюкова – қала тұрғыны:

 – Ай сайын мемлекеттен 60 мың теңгедей зейнетақы аламын. Оның 13 мыңын несиемді төлеуге жұмсаймын. Денсаулығым жиі сыр бергендіктен қымбат дәрі-дәрмектерді сатып алуға тура келеді. Қалған ақшаны күн көрісіме жұмсаймын.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп тегін айтпаса керек дана халқымыз. Мұқтаж жандарға көмек қолын созуды жастар парыз санайды. Асқар Шәріповтің жасы 16-да. Жасөспірімнің еріктілер қатарында жүргеніне 1 жылдан астам уақыт өтіпті. Тағдыр тауқыметін тартып жүрген ана жайлы осыдан 2 ай бұрын естіген көрінеді. Содан бері қолы босай қалса бірден осында келіп, су мен отынын тасып, баспана маңын қардан тазалап береді.

Асқар Шәріпов – ерікті:

– Қарттар мен мүгедек жандарға көмек қолын созуды міндетім деп санаймын. Аптасына бір рет өз еркіммен келіп, көмектесіп кетемін. Бұл жолы еріктілер болып өзіміз азын-аулақ ақша жинап, отынын алып бердік. Бізге алғыс айтып, ризашылығын білдірді.

Айта кеткен жөн, еріктілер қаражат жинап, Валентина Смаглюкованың несиесін жауып беруді жоспарлап отыр. Ол үшін өздерінің арнайы сайттарында акция ұйымдастырмақшы. Ал көмек қолын созуға ниетті жандар қаладағы “Jas Otan” жастар қанатының кеңсесіне жүгіне алады.

Маржан Касымбек