Құқық қорғау органдары

Екі Сібір елігін атып алған браконьерлер ұсталды

Еріккендердің ермегі. М.Жұмабаев ауданында 3 жігіт 2 Сібір елігін атып алған. Қазір бұл іске қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі анықталған соң браконьерлерге жаза да белгілі болады.

Тәртіп сақшыларының қырағылығы қылмысты әшкере қылды. 3 жігіт мінген ВАЗ автокөлігі Мағжан Жұмабаев ауданындағы Октябрьское ауылының маңынан өтіп бара жатқанда полицейлердің көзіне түскен. Олар машинаның артқы жағында қара түсті дақтарды көріп қалған.

Оны байқаған рөлдегі жігіт жылдамдықты арттыра түседі. Қашып құтыла алмады, ақыры қолға түсті.

Самир Рахматуллин – СҚО ПД табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы:

– М.Жұмабаев ауданында “Нива” маркалы автокөлік тоқтатылды. Салонның ішінде 24-28 жастағы 3 адам отырды. Үшеуі де Булаев қаласының тұрғындары. Тексеріс барысында машинаның ішінен екі Сібір елігінің еті табылды.

Жануарлардың етінен бөлек, 12 калибрлі аңшы мылтығы табылған. Көп ұзамай тәртіп сақшылары елікті атып алған жерді де тапқан. Қазір заңсыз аңшылыққа қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған.

Осы орайда полиция қызметкерлері 2020 жылдың 11-қаңтарынан бастап күшіне енген қылмыстық заңнамадағы өзгерістерге сәйкес заңсыз аң аулау үшін жауапкершілік айтарлықтай күшейтілгенін атап өтті. Сонымен қатар, елімізде қаңтардың 1-інен бастап тұяқты аңдарды атуға, аулауға тыйым салынған болатын. Ал түлкі, қоян, қарсақ, жанат тектес ит пен ондатрларды аулауға ақпанның 15-сіне дейін рұқсат етілген.

Ешкенова Дана