МТРА жаңалықтары

Булаев қаласының тұрғынын пойыз қағып кеткен

Мас күйінде темір жолды кесіп өтпекші болып, пойыз астында қалды. Сұмдық оқиға осыдан 5 күн бұрын орын алған. 63-ші жылы туған ер адам Булаев қаласының тұрғыны екен. Бұл факті туралы желілік полиция бөлімінің мамандары мәлімдеді.

Қаңтардың 15-і күні Қорақоға ауылы мен Булаев қаласын байланыстыратын теміржолдың бойында полицейлер ер адамның мәйітін тапқан. Аудан орталығының 57 жастағы тұрғыны аталған ауылға жету үшін рельсті жолды кеcіп өтпекке әрекет еткен көрінеді. Алайда, мас күйде болған адам пойыздың зулап келе жатқанын байқамай, астында қалып қойған.

Ал өткен жылы өңірде осыған ұқсас 8 оқиға орын алған.

Серікбай Омаров – Петропавл станциясындағы ЖПБ аға инспекторы:

– 3 факті Жұмысшы кенті маңайында тіркелді. Адамдар теміржолдан өтіп жатқан кезде пойызды байқамай қалған. Смирново станциясында осындай жағдай орын алған.

Сондай-ақ, мамандар өткен жылы есірткі тасымалдауға қатысты 13 заңбұзушылықты анықтаған. Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, қылмыскерлер тиісті жазасын алған.
Одан бөлек, полицейлер автобекет пен теміржол вокзалына 100-ден астам камера орнатыпты. Бейнебақылау құрылғылары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ұрлықты азайтуға да септігін тигізуде. Мәселен, 2017 жылы 19 жымқыру фактісі тіркелсе, былтыр оның саны 12-ге азайған.

Серікбай Омаров – Петропавл станциясындағы ЖПБ аға инспекторы:

– Камералардың көмегімен көптеген қылмыстар ашылып жатыр. Теміржол вокзалында рапискан деген құрылғы орнатылды.

Өткен жылы желілік полиция бөлімінің мамандары 3 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық фактісін анықтапты. Оның жартысына жуығы рұқсат етілмеген жерден өткен адамдарға қатысты. Тәртіп сақшылары заңды елемей, өмірін қауіпке тіккен тұрғындарға әкімшілік хаттама толтырыпты. Сондай-ақ, ережелерді еске салу мақсатында түсіндіру шараларын өткізген.

 

 

 

Маржан Касымбек