Ауыл шаруашылығы

Қазақстанда мал экспортына тыйым салынуы мүмкін

Отандық малды шетелге сатуға тыйым салынуы мүмкін. Бұл жайлы ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Ведомство берген ақпарға сәйкес, бұл шара қажеттіліктен туындап отыр. Өйткені, соңғы жылдары ірі қара мен ұсақ малды өзге мемлекеттерге эскпорттау артқан.

Мәселен, 2019 жылы елден – 150 мың ірі қара, 260 мыңдай қой шығарылған. Басым бөлігі Өзбекстан мен Арменияға сатылыпты. Салдарынан отандық ет өңдеу зауыттары мен бордақылау алаңдарының жүктемесі азайған. Одан қалды, ет пен ет өнімдерінің бағасы да шарықтап кеткен. Яғни, тірі малды өзгеге сатып, өзіміз опық жеп отырмыз. Тыйым салудағы мақсат – шикізатты толықтай ел аумағында қалдырып, сыртқа тек дайын өнімді экспорттауға ден қою және елдегі мал басын арттыру. Алайда, тиісті бұйрыққа әлі қол қойылған жоқ, өзгерістердің қашан күшіне енетіні белгісіз.

 

 

Саят Ермек