Өңірімізде кезекті мәрте “Жолда қабылдау” акциясы бастау алды. Дәстүрлі шара бұл жолы 2 күнге жалғаспақ. Мұнда тәртіп сақшылары тұрғындарды қабылдап, ұсыныс-тілектерін тыңдайды, сұрақтарға жауап береді.
Рустам Қайратов астындағы темір тұлпарын былтыр жазда Армениядан әкелген. Ол теңіздің арғы бетіндегі көліктер еліміздегіге қарағанда арзан дейді. Әрі сапасы да жақсы екен. Жақында жерлесіміз өзінікі сияқты қозғалыс құралдарына қатысты қабылданған жаңа заңмен танысыпты. Рустам енді көлікті тіркеу үшін көп қаражат керек дейді.
Рустам Қайратов – қала тұрғыны:
– Көлігімді 3 млн теңгенің шамасында сатып алдым. Қазақстанда бұл машина 40-50 пайызға қымбат тұрады. Енді жаңа заңға сәйкес автокөлікті тіркеу қажет. Ол үшін 2 млн теңгеден аса төлеу керек екен. Бұл 2009 жылы шығарылған көлікке өте қымбат деп ойлаймын. Мұндай қаржыны көптің қалтасы көтере бермейді.
Жерлесіміз бұл өтінішін “Nur Otan” партиясының жергілікті филиалында өтіп жатқан “Жолда қабылдау” акциясының қатысушыларына жеткізді.
Дмитрий Осипов – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы:
– Сіз машинаны сатып алу үшін Арменияға бардыңыз. Кейін сол елдің тұрғыны ретінде тіркеліп, көлік пен нөмір алдыңыз. Осылайша Қазақстанға қайтып келіп, қайтадан тіркелдіңіз. Ал көлігіңіз тіркелмей қалып қойды. Жаңа заң күшіне енгені мәлім. Арнайы сома бекітілді, ол өзгеріссіз қалады.
Іс-шара ұйымдастырылған жерде 1 жарым сағаттай болдық. Осы уақытта бірнеше адам келді. Олардың көпшілігі мамандарға шетелдік көліктерді қайта тіркеу бойынша сұрақ қойды. Тіпті, бұл мәселе әлеуметтік желілер арқылы жүргізілген тікелей эфирде де қызу талқыланды. Полицейлер келушілерге де, онлайн режимде сауал жолдаған жандарға да тұшымды жауап берді.
Алтынбек Жамалиев – СҚО ПД процессингтік орталығы бастығының міндетін атқарушы:
– Мысалы, Ресей елінен көлік алсаңыз сіз жылына 1 рет 30 күн сол елде болып, тіркелуіңіз қажет. Кейін ғана Қазақстанға кіре аласыз. Қазіргі күні барлық жерде осы ережені түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы, өңірімізде «Жолда қабылдау» акциясы 2019 жылдың көктемінен бері 10-шы рет өткізіліп жатыр. Акция екі күн бойы жалғасады.
Бердимурат Баймухан