Қоғам

Петропавлда еріктілер қозғалысы орталығы ашылды

Облыс орталығында еріктілердің қатары 400-ге жуықтайды. Осы орайда  игі істерді қолға алып жүрген жастар үшін еріктілер қозғалысы орталығы ашылды. Ол Достық үйінде орналасқан.

Еріктілер қозғалысы орталығына мүше жастар алдағы уақытта 4 бағыт бойынша жұмыс жасайды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Юлия Сысоева “Бірлік” деген бағытқа жетекшілік етеді. Мақсаттары – әлеуметтік маңызы бар жобалармен айналысып, қорғансыз жандарға көмектесу. Бұл ретте бұрымдының білері мол. Юлия 5 жылдан бері ерікті болып жұмыс істеп жүр.

Юлия Сысоева- ерікті:

– Белгілі бір жоспар құрып қойдық. Ең алдымен қатарымызға еңбекқор, пысық жандар керек. Кейін көмекке мұқтаж азаматтарды іздестіреміз. Мәселен, жалғызбасты қариялардың үйін жуып-шайып, есік алдын қардан тазалап береміз.

Ал “Білім” бағытында еңбектенетін жастар оқушылар арасында түрлі олимпиада, шеберлік сағаттары мен қосымша сабақтар ұйымдастырмақшы. “Тәрбие” деп аталатын бағдар да қарастырылған. Мұнда еріктілер іні-қарындастары мен замандастарын спортпен шұғылдануға баулитын болады. Спортпен қатарластарының бойында жауапкершілік пен патриоттық сезімді тәрбиелейміз дейді.

Мария Татаренко- “Қоғамдық келісім” КММ жетекшісінің орынбасары:

– “Келісім” деп аталатын бағыт бар. Тұрғындар белгілі бір мәселе бойынша толғандырған сұрақтарына жауап іздеп бізге келсе, осындағы жастар қайда жүгінуге болатынын айтып, сәйкес мекемеге жол сілтейді.

Бүгінде орталыққа мүшелік ететін жастардың саны белгісіз. Себебі, мұндағы еріктілер көмектесуге дайын жастарды іздестіріп, қатарларын толықтыру үстінде.

 

Актолкын Солтанханкызы