Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әкімдік отырысы: ауылдарда өндіріс неге дамымай жатыр?

Ауылдарда фабрикалар мен цехтардың саны саусақпен санарлық. Өндірістік кәсіпорындарды көбейтіп, шикізатты ғана емес, дайын өнімді саудалауға қарқын қосу керек. 2020-шы жылдағы алғашқы әкімдік отырысында Құмар Ақсақалов аудандардың басшыларына осыны тапсырды. Аппараттық жиында үстіміздегі жылға қойылған жоспар да пысықталды.

Саят Ермек – тілші:

– Желтоқсанның 31-і облыс әкімдігі бас қосып, 2019-ды қорытындылаған еді. Бірақ, бұл алдын ала деректер болатын. Ал 2020-дағы алғашқы отырыста ресми сандар жарияланды. Жергілікті атқарушы биліктің айтуынша, өткен жылы бірде-бір салада түсім байқалмаған, жаппай өсім. Десе де, кей аудан әкімдерінің жұмысына қатысты сұрақтар бар.

Бұл атқамінерлерге жалқаулықты қойып, іске кірісу керек. Өйткені, кірген жылға жоспар былтырғыға қарағанда ауқымдырақ. Ол орындалмаса, лауазымнан кетуге тура келеді. Мәселен, аграрлық өлкеміз, бірақ мал шаруашылығы бүгінде өңір экономикасының тек 25 пайызын ғана алады. Көрші жатқан Ақмола мен Қостанайдан неміз кем? Оларда бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Тимирязев және Ғ.Мүсірепов аудандары – бұл аустайдер аумақтар. Мал шаруашылығының үлесі мұнда, тіпті 20 процентке де жетпейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мал басын көбейте алмасаң, ойланбастан орныңды босат немесе жұмыс істе. Бәрі әкім мен оның командасының қабілеттеріне байланысты. Аграрийлерді көндіріңдер, көмектесіңдер. Биыл мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің саны әр ауданда көбеюі керек. Мемлекет мүмкіндік бермей жатса, бір сәрі. Қолдаудың түр-түрі бар ғой. Неге пайдаланбайсыңдар?

Отырыста мінберге барлық басқарма басшылары шығып, 2020-да не істеледі – соны айтты. Арман Оразғұлов өнеркәсіптегі жоспарды баяндады. Өткен жылы жабылып, шу шығарған ЗИКСТО зауыты биыл жұмыс істейтін болды, әйтеуір. Жыл аяғына дейін 2 мыңдай вагон құрастырады деген меже бар. Қайта өңдеуге де қарқын қосылмақ. Қысқасы, өндіріс алға басуда, зауыттар ашылып жатыр. Бірақ, тек Петропавл мен Тайыншада ғана болмаса. Ал қалған аудандар ше? Қалған аудандар “ұйқыдан оянбақ емес”. Ауылдық жердегі өңдеуші кәсіпорындарды саусақпен санауға болады. Ашуға мүмкіндік бар, ал құлық жоқ. Құмар Ақсақалов шикізатты шикізаттай сатуға етіміз үйреніп қалған дейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бір жылдары несиелендіру жоқ деп айқайладыңыздар. Қазір сұрағандарға кредит беріп жатырмыз. Кейін кепілдендіруге шағымдандыңыздар, бұл мәселені де шешіп бердік. Басқа енді не керек? Дақылды өсіріп, дақыл күйінде сатуды әбден әдетке айналдырып алдық. Аз болса да өңдеу деген болу керек қой! Кез келген ауданда шағын болса да цехтар, фабрикалар жұмыс істеуі тиіс. Аудан әкімдерінен ұсыныстар күтемін.

Әйтпесе, әңгіме қысқа. Кезек енді Владимир Балахонцевке де жетті. Жолдарды жөндеуге биыл бөлінген 38 млрд теңге қайда жұмсалады?

Владимир Балахонцев – СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Жолдардың 700 шақырымы жөнделіп, қалыпқа келтіріледі. 150 елді мекен арасындағы қатынас жақсарады. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 70 процентке жетеді.

Әділбек Әубәкіров мырза не дейді? Коммуналдық қызметтердің тарифтері биыл өспейді дейді. Жағымды жаңалық. 5 елді мекенге орталық жылу келіп, тұрғындары отын-көмір алу проблемасын ұмытады. 60 ауылға орталық су жетеді тағы. Яғни, 51 мың ағайын піләк сүйреп, құдыққа баруын доғарады. Жоспарды әдемілеп құрып қойдық, ал орындауға келгенде кідіріп қалмасақ болды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Су тарттық деп есеп беріп, шындығында тіршілік нәрі ауылға жетпеген жағдайлар болмады емес, болды. Сондықтан, бақылау күшті болуы керек. Депутаттар, белсенділер жұмыстардың сапалы атқарылып жатқанын ұдайы тексеріп отырулары тиіс.

Жол сапасыз жөнделіп, үй сапасыз тұрғызылып жатса, төртінші билік өкілдерінен ат тонын ала қашады шенеуніктер. “Бәрі жақсы” деп алдайтындары да бар. Аймақ басшысы, мұны доғаруды тапсырды. Тілшілерді өздерің шақырып, олқылықтарды көрсетіңдер деп пәрмен берді. Әкімнен түскен тағы бір тапсырма – шенділер шенеуніктің тілін ұмытулары керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қызметтік терминологияны көп қолданасыздар. Ақпаратты халыққа түсінікті тілмен жеткізе алмайсыздар. Әкімдердің есептік кездесулері басталды, сондықтан баяндамаларыңызды бір қарап шығып, қарапайым етіңіздер.

Саят Ермек – тілші:

– Әкімдер, басқарма басшылары тоқсан сайын тындырған шаруасы жайлы өңірдің бірінші басшысына есеп беріп отырады. Егер қойылған жоспар мардымсыз орындалса, оларға креслоны босатуға тура келетінін Құмар Ақсақалов қадап айтты.

Саят Ермек