МТРА жаңалықтары

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссияның отырысы

Мемлекеттік сатып алулар кезіндегі бармақ басты, көз қыстылықтың алдын алу. Бүгін бұл мәселе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссияның отырысында талқыланды.

Мамандардың айтуынша өткен жылы өңірде жасалған сыбайлас жемқорлық фактілерінің әр оныншысы мемлекеттік сатып алуға қатысты екен. Мұндай жайттар денсаулық сақтау, білім және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында да орын алған көрінеді.
Мәселен, шын мәнісінде арзанға атқаруға болатын қызмет құнына 2 есеге көп баға белгіленген. Айыпты тұлғалар анықталып, жауапкершілікке тартылған. Осы ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин тиісті бақылауды күшейтіп, заңбұзушылыққа жол бермеу қажет екенін айтты.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алуларға республика бойынша 18 мыңнан астам тапсырыс беруші қатысып отыр. Өңірде мемлекеттік сатып алу саласына қарастырылған қаржы 98,9 млрд теңгеден 145 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Осы орайда өңірде заңбұзушылыққа жол бермеу мақсатында бақылауды күшейту керек.

Жалпы, мемлекеттік сатып алу барысында туындап жататын олқылықтар – қолданыстағы заңнаманың орындалуын жіті қадағаламаудың салдары дейді облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Злиха Отарғазиева. Атап өту қажет, үстіміздегі жылы мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңамаға біраз өзгерістер енгізіліпті.

Злиха Отарғазиева – СҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы:

– Сатып алуды ұйымдастырушылардың және конкурстық комиссияның мемлекеттік сатып алу туралы заңнама нормаларын сақтамауы сатып алу мерзімінің ұлғаюына әкеледі. Бұл бюджет қаражатының игерілуіне және тапсырысты орындау уақытының шегерілуіне әкеп соқтырады.

Осы орайда айта кетейік, елімізде 3 жыл бұрын сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік сатып алуларға камералдық бақылау енгізілген болатын. Жиынның қорытындысы ретінде қатысушылар түрлі мекеме қызметкерлерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыру қажеттігін айтты.