МТРА жаңалықтары

Кәсіптен нәсіп тапқандар

Жыл артқан сайын Айыртау ауданында кәсіпкерлердің саны көбейіп келеді. Былтыр мұнда “Бастау Бизнес” жобасы бойынша 200 бастама қолға алынып, 390 млн теңге несие беріліпті. Өзге де мемлекеттік бағдарламаларға жүгінген ағайынның қатары қалың. Ауылдағы іскер жандармен арнайы барып кездесіп қайтан болатынбыз.

Цехта қызу жұмыс. “Кваченко” ЖК-нің мамандары корпустық жиһаз әзірлеп жатыр. Олар істі ұжым болып атқарады. Сондықтан, жүктелген міндетті орындауға аса көп уақыт жұмсамайды. Мысалы, жігіттер ас үй бөлмесіне арналған жиһазды небәрі 2-3 күннің ішінде дайындайды. Мұндай бизнесті айыртаулық азаматтар осыдан бір жыл бұрын мемлекет қолдауымен бастапты.

Евгений Кипаренко – “Кваченко” ЖК директорының орынбасары, Айыртау ауданы:

– Біз “Бастау бизнес” жобасына қатысып, кәсіптік білімімізді арттырдық. Кейін, “Шалқар” несиелік серіктестігінен “Еңбек” бағдарламасы бойынша 6 млн теңге кредит рәсімделді. Бұл ақшаның бір бөлігіне түрлі қондырғылармен жабдықталған мына цехты сатып алдық. Артынша мемлекеттен грант берілді. Ол қаржыға өндіріске қажетті өзге де заттарды әкелдік. Қазір табысты еңбек етіп жатырмыз деп сеніммен айта аламын. Бүгінде корпустық жиһаздың түр-түрін шығарамыз.

Жеке кәсіпкерлік тек тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Айына 25-30 тұрғынмен кездесіп, жиһаз әзірлейді. Қажетті дүние адамның талғамына сай жасалады екен. Яғни, үстел, орындық, шкафтар келуші жанның қалауы бойынша дайындалады. Оның үстіне мамандар тауарды Айыртау ауданының кез келген ауылына тегін апарып, орнатып береді. Қазір мұнда 8 қызметкер еңбек етіп жатыр. Олардың айлық табысы – 80 мен 120 мыңның аралығында. Болашақта жігіттер жұмсақ жиһаз өндірісін қолға алмақшы. Былтыр саумалкөлдік Людмила Климович те мемлекет көмегіне жүгінді. Азаматша “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша несие алып, дәмханасын кеңейтіпті.

Людмила Климович – “Ludmila” ЖШС директоры, Айыртау ауданы:

– Біздің ғимаратқа көптен бері жөндеу қажет болды. Сол себепті, былтыр “Халық” банкінен 5 жылға 7,5 пайыздық үстемеақымен 5,5 млн теңге несие рәсімдедім. Бұл қаржыға нысанды қалыпқа келтірдік, ішін кеңейттік, жаңа қондырғылар сатып алдық. Өзгеріс өзіміздің де, клиенттеріміздің де көңілінен шықты.

Болашақта дәмхана иесі мемлекет қолдауына тағы да жүгінбек. Ол үкіметтен ақша алып, кәсібін әрмен қарай өркендетсем дейді. Былтыр айыртаулықтар “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша да несие рәсімдепті. 2 жоба қолдау тауып, 302 млн теңге қарыз ақша берілген екен. Сонымен қатар, ауданда жас бизнесмендердің қатары артқан.

Бибінұр Тиыштықбаева – Айыртау аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Мемлекеттің қолдауымен Айыртау ауданында көп жұмыстар жасалып жатыр. Былтыр “Бастау Бизнес” жобасы бойынша 200 жоба қолданып, 390 млн теңге кредит берілді. 37 несие “Жас кәсіпкер” жобасы бойынша берілді.

Жалпы, бүгінгі күні Айыртау ауданында 1600-ге жуық бизнес субъектісі бар.

Байболат Култанов