МТРА жаңалықтары

Кәсіпорындар жұмысшыларына 900 млн теңгеге жуық ақша қарыз

Өңірде жұмысшыларына 2018 жылдан бері жалақы бермеген кәсіпорындар бар. Олар – “Казградстрой-НС” пен “СУ 808” серіктестіктері. Бүгінде компаниялардың  қызметкерлеріне берешегі 60 млн теңгегені құрайды. Қазір мәселе сот орындаушыларының қарауында.

Былтыр жүргізілген тексерістің нәтижесінде өңірде қызметкерлеріне еңбекақыны уақытылы төлемеген 48 ұйым тіркелді. Кәсіпорындардың барлығы өз жұмысшыларына 900 млн теңгеге жуық ақша қарыз екен. Мамандардың айтуынша жұмыс берушілердің барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 8 млн теңгеден астам айыппұл төлеген.

Айгерім Қанапинова – СҚО еңбек инспекциясы басқармасының бас маманы:

– “СУ 808” серіктестігі де жұмысшыларына жалақы төлемеген. Мұндағы қарыз 6 млн теңгені құрайды. Петропавл ауыр машина жасау зауытының жұмысшысынан да өтініш түсті. Мұндағы мәселе көп ұзамай шешімін тапты. Ал ең үлкен қарыз – «Казградстрой-НС» серіктестігінде орын алып отыр. Кәсіпорынның 112 адамға 53 млн теңге көлемінде берешегі бар.

Қазіргі күні жұмысшылардың маңдай терімен тапқан ақылары кәсіпорын басшыларынан сот орындаушылары арқылы қайтарылып жатыр.
Ал өндіріс орнында жарақат алған жандар туралы айтар болсақ. Былтыр мұндай 34 жазатайым оқиға орын алыпты. Салдарынан 40-қа жуық адам зардап шеккен екен.

Айгерім Қанапинова – СҚО еңбек инспекциясы басқармасының бас маманы:

– 37 адам зардап шеккен. Оның ішінде оқиға өліммен аяқталды. 19 ауыр дәрежемен анықталған.

Жарақат алғандар – түрлі саланың қызметкерлері. Сондай бір оқыс оқиға былтыр жазда тіркелді. Автобус жүргізушісі өз көлігіне бастырылып қалған болатын. Нақтырақ айтсақ, 59 жастағы ер адам күндіз автобустың астында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатса керек. Сол сәтте көлікке өзге адам отырып, автобусты жүргізіп жіберген. Көлік астында жатқан азамат сол жерде көз жұмады. Мамандардың айтуынша өндіріс орнында тиісті талаптардың сақталмауы мен қызметкерлер тарапынан тиісті ережеге немқұрайлы қараудың салдарынан осындай қайғылы жағдайлар орын алады. Тағы бір жазатайым жайт жақында Петропавл екінші жылыту электр орталығында болды. Кәсіпорынның машинисі қож шығару қондырғысын тазалап жатып күйіп қалды. 42 жастағы азаматтың денесін 80 пайыз күйік шалып, ол жансақтау бөлімінде қаза тапты. Қазіргі күні бұл іс бойынша арнайы комиссия құрылып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Эльмира Садвокасова