Құқық қорғау органдары

Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көліктер тіркелуі тиіс

Елімізде Армения мен Қырғызстаннан жеткізілетін көліктердің кедендік рәсімдеусіз жүруіне тыйым салынды. Биылдан бастап аталған елдерден әкелінген темір тұлпарлар тіркеуден өткізілмесе, иесіне айыппұл салынып, машинасы айып тұрағына қойылады.

Темір тұлпар іздеп отандастарымыздың бірі – Арменияға, екіншілері Қырғызстанға баруды әдетке айналдырғалы қашан. Өйткені, мұндағы көліктердің сапасы жоғары, бағасы да өзімізге қарағанда төмен. Бұған дейін армениялық және қырғызстандық көліктерді ел аумағына кедендік рәсімдеуден өткізбей-ақ кірігізуге болатын-тұғын. Бірақ, биылдан бастап заң өзгеріп, жаңа талаптар қойылды.

Марат Қожаев – ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:

– Қырғызстан мен Армениядан әкелінген көліктер міндетті түрде кедендік рәсімдеуден өтуі керек. Өйтпеген жағдайда ережені бұзғандар жазаға тартылады. Яғни, темір тұлпар иесіне айыппұл салынып, көлігі айып тұрағына қойылады.

Бұл өзгерістер – қажеттілік. Өйткені, Қырғызстан мен Арменияда тіркеуде тұрған көліктердің қатысуымен жол ережесі бұзылса, оларды табу қиынның-қиыны. Көп жағдайда олар айыппұлдардан құтылып, жазасыз қалып жатады. Айта кеткен жөн, өткен жылы өңірде шетелдік көлікті тақымдаған 40-қа жуық адам түрлі заңбұзушылықтар жасапты.
Енді армениялық және қырғызстандық көліктерді тіркеу мәселесіне келсек.

Мәселен, аталған шетелдік қымбат көлікті сатып алдыңыз делік. Оның шыққан жылына қарай тіркеу құны 662 теңгеден 130 мың теңгеге дейін. Сондай-ақ, техникалық төлқұжат үшін 3300 теңге төлеу қажет. Мемлекеттік нөмірді алуға 7 жарым мың керек. Одан бөлек, утилизациялық алымға 400 мың теңгеден 3 млн теңгеге дейін ақша жұмсайсыз. Ол да машинаның көлеміне қарай өсе бермек. Көлік салығы 2600 теңгеден 310 мың теңгеге дейін болады.

Осының бәрін есептегенде біраз қаражат шығайын деп тұр.

–  Мұндайды кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Халық қырғызстандық және армениялық көлік арзан болған соң сатып алады.

– Көліктер рәсімделмеген болса, оларды әуелде шекарадан өткізбеу керек еді. Енді оларды кедендік құжаттау тағы шығындалуға тура келеді.

Манағы аталған талаптар Армения мен Қырғызстаннан әкелінетін көліктердің иелеріне ғана қатысты. Ал Ресей мен Беларусьтан жеткізілетін машиналарды кедендік рәсімдеудің қажеті жоқ. Өйткені, аталған елдермен тиісті ортақ база жүйесі жұмыс істейді.

Маржан Қасымбек