ҚоғамБизнес және экономика

Жуырда Есіл ауданында токарлік цех ашылды

Явленка ауылының тұрғыны токарлік цех ашты. Ол – Есіл ауданы бойынша / қосалқы бөлшек жасайтын жалғыз кәсіпорын. Азамат бұл істі мемлекеттік қолдаудың арқасында бастап отырмын дейді. Кәсіп ашуға 4 млн теңгеге жуық қаржы жұмсаған екен.

Шаруаның барлығы осы шағын ғана шеберхананың ішінде атқарылады. Темір жонушы металлдан / техникалар мен басқа да құрылғыларға арнап түрлі бұйымдар мен қосалқы бөлшектер әзірлейді. Бұл істің барлығына 44 жастағы Дмитрий Язовский жауапты. Өз жұмысының шебері 15 жасынан бері темірден түйін түйеді екен.

Дмитрий Язовский – токарь, Есіл ауданы:

– Үлкенді-кішілі бөлшектердің барлығын жасаймын. Ауылды мекен болғасын трактор, комбайн, камаз секілді техникаларға арнап жабдықтар әзірлеймін. Қыстыгүні күніне 10-ға жуық өтінім қабылдаймын. Көктем басталысымен келушілердің саны көбейеді. Себебі, егін науқаны басталады. Жазда қасыма көмекші де алатын шығармын.

Қазіргі күні бұл – Есіл ауданындағы жалғыз токарлік цех. Өндіріс орнын Әділет Қабенов атты азамат былтыр желтоқсан айында ашыпты. Кәсіп бастауға мемлекеттік қолдау серпін берді дейді.

Әділет Қабенов – «Қабенова АВ» ЖК директоры, Есіл ауданы:

– Жазда әйелім «Бастау Бизнес» жобасының аясында кәсіптік білімін шыңдап, 505 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алды. Қолға түскен қаржыға 2 станок сатып алдық. Қайрайтын және бұрғылайтын. Сондай-ақ, өз қалтамыздан да 4 млн теңге көлемінде ақша қостық.

Іскер жан алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтемін деп отыр. Ол үшін де мемлекеттің қолдауына жүгініп несие алмақшы екен.Есіл ауданы бойынша 2019 жылы 94 адам кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, 31 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алған. Мамандардың айтуынша биыл іс бастаймын деген тағы 71 жанға грант беру көзделіп отыр.

Бердимурат Баймухан