МТРА жаңалықтарыҚоғам

Мемлекет қолдауымен алыстағы ауылдың ажары ашылды

Алыстағы ауылдың ажары ашылды! Былтыр Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлде “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Мемлекет қолдауымен араға ұзақ жылдар салып аурухананың 1-ші қабаты, орталық стадион және 3 бірдей мектеп жөндеу көрді. Тозығы жеткен 16 көше қалыпқа келтірілді. Біраз шаруа биыл тәмамдалады. Елді мекенде өнер мектебі, дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайда болмақ.

Бұл – Айыртау аудандық ауруханасының бұрынғы кейпі. 1-ші қабаттағы еденнің тозығы жеткен, төбеден су өткен, қабырғадан өң кеткен. Есік-терезе мен жылу батареясы да ескірген. Ал қазір мүлде басқа жағдай. Емдеу мекемесінің іші жарқырап тұр. Мұнда 2019 жылдың екінші жартысында “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында күрделі жөндеу жасалған екен.

Ернар Тұрсынбет – Айыртау аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Бұл жөндеу жұмысына 50 млн 616 мың теңге бөлінді. Мердігерлер уақытында барлық тиісті жұмыстарды аяқтап, бізге нысанды тапсырды. Осы желтоқсан айының ортасында. Қазіргі таңда біз бөлімшелерді қайта орнына көшіріп, жұмысты жалғастыруға дайындалып жатырмыз.

1-ші қабатқа жай ғана жөндеу жасалған жоқ, “3H-жүйесі” енгізілді. Бұл қандай жаңашылдық? Заманауи стандарттарға сай аурухананың қабылдау бөлімшесі жаңа түскен науқастарды хал-жағдайына байланысты бөлуге, медициналық көмек көрсетуге ыңғайлы болу қажет екен. Яғни, кіріп-шығу есіктері, бөлмелер тағы да басқа дүниелер арнайы ережеге сәйкес келуі тиіс. Міне, осы талап емдеу мекемесінде сәтті орындалған.

Ернар Тұрсынбет – Айыртау аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Бұл кіші операциялық бөлме болады. Бұл жерде қабылдау бөліміне келіп түскен ауруларға хирургиялық көмек қажет болса, осы жерде жүргізілетін болады.

Былтыр “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында аудан орталығындағы 3 білім ошағы да жөндеу көрді. Мысалы, маусым айында 400-ге тарта бала оқитын Саумалкөл қазақ орта мектебінде біраз іс тындырылды.

Меңдігүл Олжабаева – Саумалкөл қазақ орта мектебінің директоры, Айыртау ауданы:

– Жалпы, мектепке 1982 жылдан бастап жөндеу жасалмаған болатын. Қазіргі таңда мектебіміз жаңарып, жақсарып қалды. Мұнда есік-терезелерді ауыстырды. Қабырғаларды түзетті. Екі қабатты ғимараттың толық линолеумдары ауыстырылды.

Жөндеу жұмыстары жылдың соңында да жалғасты. Қосымша қаражат бөлініп, қара шаңырақтың акт залы, асхана мен мұғалімдер бөлмесі қалыпқа келтірілді. Осылайша оқушылардың білім алуларына, қызметкерлердің еңбек етулеріне қолайлы жағдай жасалды. Саумалкөл №1 орта мектебінде де әжептеуір шаруа атқарылды. 54 млн теңге қарастырылып, мекеменің қасбеті боялды, 140-тан аса ағаш терезе пластикке алмастырылды. Мұның нәтижесінде нысан іші жылыды. Қазір температура 25 градустың үстінде.

Мырзабай Тұралинов – Саумалкөл №1 орта мектебінің директоры:

– Тағы, үнемделген қаржыға да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Акт залы, спортзал қалыпқа келтірілді. Есік-терезелер алмастырылды, жарық шамдары жаңартылды, қабырғалар, төбе боялды, су жаңа еден төселді. Киім ауыстыру бөлмелері де жөндеу көрді. Мұндай шаруа мектеп қолданысқа берілгелі, яғни сонау 85-ші жылдан атқарылмаған еді. Тындырылған іске оқушылар да, ұстаздар мен ата-аналар қауымы да разы.

Сонымен қатар, өткен жылы білім ошағынан тарихынан сыр шертететін музей де жөнделді. Жалпы, былтыр аудан орталығындағы 3 мектепті қалыпқа келтіруге республикалық бюджеттен 140 млн 600 мыңнан аса теңге бағытталған екен.

Бақыт Сейтахметова – Айыртау аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Ауданымыздағы оқу ошақтарын қалыпқа келтіру жұмыстары 2020-да да жалғасады. Биыл ауылды жерлердегі мектептерге екпін бермекшіміз. Қазіргі күні күрделі жөндеу бойынша 9 жобалық-сметалық құжат дайын. Тағы, үстіміздегі жылы 21 білім ұясы ағымдағы жөндеу көреді деп жоспарлап отырмыз.

Бүгінде ауданға облыстық қазынадан 193 млн теңгеге жуық ақша бөлініпті. Бұған биыл Сырымбет, Лобанов және Айыртау орта мектептеріне күрделі жөндеу жасалады. Жалпы, өткен жылы Саумалкөлде “Ауыл – ел бесігі” аясында 18 жоба қолға алыныпты. Оның біразы былтыр іске асырылған екен. Мәселен, 20 шақырым жол жөнделіпті.

Ермек Қасымғалиев – Володар селолық округінің әкімі, Айыртау ауданы:

– Жол мәселесі бізде өте қиын болған. 743 млн теңге бөлініп, 16 көше жөнделді.

Ал кейбір жобалар 2020-да тәмамдалады. Биыл Саумалкөлде өнер мектебі, дене шынықтыру-сауықтыру кешені халық игілігіне берілмек.

Байболат Бектемірұлы