Құқық қорғау органдары

Масаң күйде көлік басқаратындарға жаза күшейтілді

Тентек суды сіміріп алып, көлік басқаратындар тыйылар емес. Былтыр өңірде мұндай 1300-ден аса факті тіркеліпті. Олардың 970-сі енді белгілі бір мерзімге темір тұлпар тізгіндей алмайды. Масаң күйде машина рөліне жармасқандарға жаза қатайтылды. Тиісті әкімшілік және қылмыстық заңдар қаңтардың 11-інен өз күшіне енді. Ішімдіктен ұрттап алып, көлік жүргізгендерге млндаған айыппұл қарастырылған. Ал адам өмірін қиятын болса, бас бостандығымен 10 жылға дейін қоштаспақ.

Араққа сылқия тойып алып, тізгінге жармасатындарға жаза қатайтылды. Заңның ала жібін аттағандар енді оңай құтыла алмайды. Оларға кемінде 7 жылға темір тұлпарларының рөлін ұмытуға тура келеді. Әрі тәртібіңді ойлап, тәубеңе келуге 15 тәулікке әкімшілік қамау да бар. Бұл ешкімге зияның тимесе, әрине. Ал мас күйде көлік басқарып, өзгеге материалдық шығын немесе денсаулығына сәл зақым келтірген жағдайда әңгіме мүлде басқаша болмақ.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚ басқармасының инспекторы:

– Көлік құралын басқару құқығынан айыру 5-тен 7 жылға дейін көбейтілді және 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. 01-14 Әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін 1 жыл ішінде қайталап көлікті масаң күйінде басқарса, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алыну мен 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылу көзделген.

Бұлардың барлығы – әкімшілік жаза. Енді қылмыстық заңнамадағы өзгерістерге тоқталайық. Мұнда тентек судан тентектеп, жол-көлік апатын жасағандарға арнайы бап та енгізілді. Масаң күйде темір тұлпармен адам қағып, денсаулығына орташа зақым келтірген жағдайда 2 млн 600 мың теңге айыппұл төлеу қажет немесе 1 жылға бас бостандығынан айырылады. Жапа шегушіге ауыр зақым келтірілсе, жаза да ауырланады. 3 есеге. Яғни, 8 млн-дай айыппұл немесе 3 жылға абақтыға қамау көзделген. Машина тізгіндеуге оларға 10 жылға дейін рұқсат жоқ. Ал адамды өлімге қиған жүргізушілерді қатаң жаза күтіп тұр.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Алдымен арақтың, енді жазаның дәмін татып отырғандардың бірі – Мамлют ауданына қарасты Дубровное селосының тұрғыны. Ол дәл жаңа Заң күшіне енген күні, яғни қаңтардың 11-і ішімдікке тойып алып, өз ауылдасын қағып кеткен. 86 жылғы азамат алған жарақаттарынан оқиға орнында бірден жан тапсырыпты. Ал 35 жастағы жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол 7 жылға темір торға тоғытылуы мүмкін.

Ащы суды ұрттап алып, машинасына отырып, 2 не одан да көп адамның өмірін қиғандар 7-ден 10 жылға дейін абақтыға қамалады. Ал көлік басқару дегенді өмір бойына ұмытуларына болады. Ішімдік ішіп, ойларына келгенін істейтін мұндай жүргізушілерге қатысты жазаның қатайтылуы жөн дейді қала тұрғындары.

– Заңды белшесінен басып кетіп, адамдардың өмірінен қиып жатқан қанша мас адам бар. Егер оларға осы заң қолданылатын болса, онда ол екінші рет мұндайды қайталамайды.

– Негізі, дұрыс. Заңды қатайтпаса, тәртіп болмайды. 01-49 Егер кісіні соғып кететін болса мас күйінде, оларға жазаны қатайтуға болады.

Масаң күйде көлік басқарып, өңір тәртіп сақшыларының қолдарына түскендерге тоқталайық. Былтыр мұндай 1300-ден аса адам ұсталыныпты. Олардың 970-сі енді белгілі бір мерзімге темір тұлпар тізгіндей алмайды. 2020 жылдың басынан жүргізілген статистика да қуантпайды. Ішімдік ішіп машина тізгіндеген 24 заңбұзушы анықталды. Бірі қаңтардың 11-іне дейін ұсталса, өзгелеріне қатысты іс кейін қозғалды. Сондықтан, тек 3-уі ғана жүргізуші куәлігінен айырылған.

Эльмира Сәдуақасова