Денсаулық сақтау

Балалар жарақатының алдын алу

Жыл басынан бері облыстық балалар ауруханасының жарақат бөлімшесіне 350 жеткіншек түскен. Олардың басым бөлігі қысқы демалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамай, түрлі деңгейде зақым алған.

2 жасар Қанат анасымен Аққайың ауданынан келіп отыр. Ауруханада желтоқсанның 24-інен бері ем алуда. Сәби Жаңа жыл қарсаңында гирлянданың жану ретін ауыстырамын дегенде күйік шалған. Оған кеше ғана ота жасалынып, зақымдалған 2 саусағының терісі ауыстырылыпты.

Галина Исина, Қанаттың анасы:

–  Балам шыршада ілулі тұрған гирлянданың тетігін басып қалғанда қысқа тұйықталу болып, қолын әжептәуір күйік шалды. Жарақаттың деңгейі ауыр болды. Кеше ғана ота жасалды. Бүгін денсаулығы жақсы.

М.Жұмабаев ауданынан келген Әсет Сұлтанханның жасы 12-де. Достарымен бірге сүйменмен мұз оямын деп абайсызда жарақат алған.

Қазір облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматология бөлімшесінде 18 бала ем қабылдауда. Әрбіреуінің жарақаты әр түрлі.

– Қыс мезгілінде балалардың жарақат алуы таң қаларлық жайт емес. Біреуі сырғанақ теуіп құласа, енді біреуі мұз айдынында жығылған. Ата-аналарға балаларына мұқият қарап, қауіпсіздік ережелерін ұдайы түсіндіріп отырғаны абзал. Сонда ғана көптеген жарақаттардың алдын алуға болады дейді дәрігерлер.

Борис Гончаров, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы травматология бөлімшесінің меңгерушісі:

– Балалар арасында тұрмыстық жарақат алу жиі кездеседі. көп жағдайда оның себебі – ата-аналар тарапынан дұрыс қадағалаудың болмауы. Баланы қараусыз қалдырып қана қоймай, сонымен бірге абайламаса денсаулыққа қауіп төнетін жерлерде ойнап отырғанына мән бермейді.

Жыл басталғаннан бері облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматология бөлімшесіне 350 бала түскен. Оның 330-дан астамы жазылып шықса, қалғаны қазір ем қабылдап жатыр.

Эльмира Сәдуақасова