Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сенаторлар заңнамаға енгізілген өзгерістерге тоқталды

Көпқабатты баспаналардың ескірген шатыры мен қасбеті енді жергілікті әкімдік есебінен ауыстырылады. Ал күрделі жөндеуге қажет қаражаттың 50 пайызын банктен несиеге алу мүмкіндігі бар. Тағы лифтілерді ауыстыру шаруасы да тездетілмек. Өңірге іссапармен келген сенаторлар заңнамада орын алған өзгерістерді баяндады.

«Педагог мәртебесі» туралы заңының қабылдануы, көпбалалы отбасыларға тағайындалған жаңа мемлекеттік қолдау мен атаулы әлеуметтік көмек. Бұл – елімізде соңғы 6 айдың ішінде орын алған жаңашылдықтардың тек бір парасы ғана. Заңнамада агроөнеркәсіп пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты өзгерістер де аз емес. Баяндамасын сенатор Ерік Сұлтанов соңғысынан бастады. Бір үй, бір бірлестік пен бір шот. Әңгіме пәтер иелері кооперативі турасында. Ұйымдардың жұмыс істеп келе жатқанына біраз уақыт болды. Алайда, мұнда бір гәп бар дейді депутат.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Пәтер иелері кооперативі бірнеше үй тұрғындарынан ақша жинайды. Бірақ, оның қайда жұмсалып жатқанын бақылау мүмкін емес. Бюджетінің ашықтығы керек. Сондықтан, меншік иелері бірлестігін құру туралы шешім қабылданған еді. Заң жобасы әзірленгенше мәселе қызу талқыланды. Зерттей келе пәтер иелері кооперативінің жұмысын бір мезетте тоқтатып, жаңа бірлестіктерді құра алмаймыз деген байламға келдік. Осылайша, ПИК-ті тарату шаруасы 3 жылға шегерілді.

Бұған дейін пәтер иелері кооперативі қызметін жалғастырмайды дегенді естіген жұртшылық ақша төлеуді де доғарыпты. Осылайша, күрделі жөндеу жұмыстарына қажет қаражат жиналмай жатыр. Бүгінде бірқатар үйге қалыпқа келтіру шараларын жүргізу қажеттігі туындап отыр. Алайда, қаржының жоқтығынан мәселе жылдан-жылға шешілмеген күйі қалып келеді. Енді түйткілдің тарқатылуы тездетілмек.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Тұрғындар күрделі жөндеуге керек ақшаның 50 пайызын жинаса жеткілікті. Қалған соманы банктер береді. Қарызды 2 пайыз жылдық үстемақымен 15 жылдың ішінде қайтаруға мүмкіндік бар. Жергілікті әкімдік те қарап қалмайды. Атқарушы билікке құны бірнеше млн-ға шығатын жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жүктелді. Айта кету қажет, көпқабатты баспаналардың шатырлары мен қасбетін ауыстыру жергілікті әкімдіктерге жүктелді.

Қысы-жазы көпқабатты үй тұрғындарының басын қатыратын тағы бір мәселе шешімін таппақ. Шаһардағы 170-тен аса баспанадағы жеделсатыларды ауыстыру қажет. Бір-біреуіне 10 млн-дай қаражат керек. Мұндай ақшаны барлығының қалтасы көтермейтіні анық. Лифтілерді жаңартуға енді атқарушы билік көмек қолын созады. Жергілікті әкімдік жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлейді. Жеделсатыны орнатуға қажет қаражаттың да жартысын қарызға беруге дайын. Мұндай тәжірибе бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында сәтті жүзеге асырылып келеді екен. Заңнамадағы өзгерістер ауыл шаруашылығы саласын да айналып өтпеді.

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Білетініміздей, аудандық, облыстық және республикалық ветеринария қызметтері өз беттерімен жұмыс істеп келді. Бір-біріне бағынбайтын. Енді саладағы жұмыс реформаланып, реттелді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ветеринария комитеті басты құзыретті орган ретінде танылды. Аудандық және облыстық басқармалар осыған қарайды.

Енді жермен жұмыс жасайтын аграрийлерге тоқталайық. Жылдан-жылға диқандар гектар берекелігін арттыруға тырысуда. Биыл рекордтық көрсеткіш орнады. Кәсіпкерлердің бірі 1 гектардан 67 центнерге дейін бидай алды. Ұмтылатын меже бұдан да жоғары. Сондықтан, агроғылымға ден қоятын шаруаларға қолдау көрсетілмек. Жаңа тәжірибе жасаймын дегендерге жұмсалатын қаржының 80 пайызы қайтарылады. Жиында әлеуметтік салаға қатысты жаңашылдықтар да айтылды.

Ольга Перепечина – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылдағаннан кейін сәйкес ұсыныстар медицина саласының өкілдерінен де түсіп жатыр. Қазір «Денсаулық» кодексі қарастырылуда. Ақ халаттыларға арналып әлеуметтік пакеттер де ойластырылуы мүмкін.

«Педагог мәртебесі» туралы заң барша мұғалімдер қауымын қуантқан еді. Балаларымызды балабақшаға бірінші кезекте орналастырып, жалақасымыз артады деп университет пен колледж оқытушылары да дәмеленген болатын. Олар да ұстаз ғой дейді жергілікті жоғарғы оқу орнының доценті Гүлбахша Мұсабаева. Бірақ, нағыз білікті мамандарды даярлайтын жандар неге назарсыз қалған?

Ольга Перепечина – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Айтуыңыз дұрыс. Шынымен де оқу орындарының оқытушылар құрамы бұл санатқа енбей қалыпты. Әскери институтта болып едім, ұстаздар қауымы жалақысының өте төмен екеніне көзім жетті. Қорғаныс саласының мамандарын даярлай отыра 65 мың теңге алу деген ойға қонымсыздау екен.

Сенатор Ольга Перепечина бұл сұрақты міндетті түрде Білім және ғылым министрлігіне дейін жеткізетінін айтты әрі мәселенің шешілуін өз бақылауына алмақ.

Эльмира Садвокасова