Қоғам

“Өңірлерді дамыту-2020” бағдарламасы аясында жөндеу көрген үйлер

“Өңірлерді дамыту-2020” бағдарламасы аясында Петропавлда өткен жылы 2 көпқабатты үй жөндеу көрген. Оған шамамен 120 млн теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Атқарылған істің нәтижесін Мәжіліс депутаттары байқап, тұрғындармен тілдесті.

Н.Назарбаев көшесіндегі мына 6 подъезді 5 қабатты үй 40 жыл бұрын салынған. Николай Петренко мұнда қолданысқа тапсырылған уақыттан бері тұрады. Қарияның сөзінше, соңғы жылдары үйдің шатыры тозып, опырыла бастапты. Салдарынан күзде – жаңбыр, қыста қар жауса қабырғалар дымқыл тартып, кейде тамшылап су аққан көрінеді.

Николай Петренко:

–  Әсіресе, соңғы 3 жыл бойы қыста үйді жылыту қиынға соқты. Түрлі жылыту құрылғыларын сатып алға тура келді. Осылай біраз шығындалатынбыз.

Үй тұрғындары шатырды ауыстыруға жеке қаражаттары жетпегендіктен «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасына жүгініпті. Мемлекеттік жоба аясында қарастырылған ақшаға баспананың төбесі қалыпқа келтіріп, қасбеті жөнделіп, бақылау камералары орнатылған.

Лидия Свешникова – “Мира 177” ПИК төрайымы:

– Жөндеу жұмыстары өткен жылы қаңтар айының соңында басталып, шілдеде аяқталды. Мемлекеттік бағдарлама аясында 48 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген болатын. Біз енді бірігіп үкімет алдындағы берешекті 10 жылдың ішінде 1 пайыздық үстемақымен қайтарып отыратын боламыз.

Оған қоса, үй тұрғындары шіріген құбырларды өз қаражатына жаңасына ауыстырыпты.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесін көруге Мәжіліс депутаттары келді. Олар тұрғындармен тілдесіп, “Өңірлерді дамыту-2020” бағдарламасының тиімділігін түсіндірді.

Абай Тасболатов – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жергілікті әкімдік бағдарламаны қалай жүзеге асырып жатқанын көру үшін ауыл-ауылды аралап жүрміз. Көпқабатты үйдің тұрғындары жертөледі құбырларды жөндепті.

Айта кеткен жөн, “Өңірлерді дамыту-2020” бағдарламасы аясында өткен жылы Петропавлда 2 көпқабатты үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оған шамамен 120 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген екен.

Маржан Касымбек