Қоғам

Кәсіпкерлерге берілген балабақшаларды қандай өзгерістер күтіп тұр

Бизнеске берілген балабақшаларды қандай өзгерістер күтіп тұр? Оларды сенімді басқаруға алғандар нендей шаруа атқармақшы? Инвесторлардың бірқатарымен арна тілшілері тілдесіп, жоспарларын тыңдады.

“Ивушка” балабақшасын “Grand-Broker” атты компания сенімді басқаруға алып отыр. Ескі ғимаратты биыл күрделі жөндеймін, Монтессори кабинетін ашамын, тұзды шахта қояын деп уәде беріп отыр инвестор. Алайда, серіктестік директоры – Юрий Токарев есімді азамат журналистермен кездесуге келмей, орынбасарын жіберіпті. Оның сөзінше, қызметкерлер қысқартылмайды, бала саны аз болса да қазақ тілді 3 топтың бірде-біреуі жабылмайды, тамақ үшін айлық төлем де өспейді.

Татьяна Борисова – “Grand-Broker” ЖШС атқарушы директоры:

– Ата-аналармен келісім шартқа отырдық. Онда бәрі көрсетілген. Кіші топтар үшін тамақтандыру ақысы – 13,5 мың, ал үлкен топтарда 14,5 мың теңгені құрайтын болады. Яғни, бәрі баяғыша қалды. Қалауы бойынша баланы қосымша секцияларға жазуға болады. Ол үшін бөлек ақша төлеу керек, әрине.

Яғни, балам каратэмен айналыссын десе, ата-ана ай сайын қосымша 5 мың төлейді. Шахмат пен сурет үйірмелерінің құны – 2 мың, ал логопед сабақтары, ағылшынды терең оқыту және би секциясы айына 1700 теңге тұрады. Бірақ, бұл міндетті емес. Балаларын бақшаға әкелген ата-аналармен тілдесеміз деп, таңғы 8-ден “Ивушка”-ның алдын күзеттік. Мекменің жеке қолға берілуін олар қалай қабылдады екен?

– Мұны қаламаймын, бірақ баланы балабақшасыз да қалдыра алмаймын. Сондықтан, келісім шартқа қол қойдым. Әрі қарай не боларын енді уақыт көрсетеді.

– Ағылшын сабақтары, сурет және би секциаларын таңдадым. ақшасын төлеуге дайынмын. Осындай қосымша қызметтердің пайда болғаны қуантады. Тек инвестор ойына келгенін жасамаса болғаны. Бақылау күшті болуы тиіс деп санаймын.

Манағы “Grand-Broker” серіктестігі “Балдәурен” балабақшасын да қол астына алды. Оң өзгерістер бұл мекемені де күтіп тұрса керек.

Әлия Жапарова – “Балдәурен” бөбекжай-балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Инвестор біздің балабақшаға құйылатын қаржыға тұзды шахта ашылады, Монтессори кабинеті ашылады, бассейн қосылып, оң өзгерістер болады деп жатыр.

Бірақ, мәселе басқада. Егер бала ауырып қалып, тиісті анықтамасы болса, бармаған күндер үшін тамаққа ақша төленбейтін бұрын. Алайда, жалпы жиналыста инвестор бұл ереженің күші жойылды деп айтса керек. Мұны бізге атын жарияламауды өтінген ата-аналардың бірі жеткізді. Бұл қаншалықты шындық?

Әлия Жапарова – “Балдәурен” бөбекжай-балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Жоқ, егер баланың ауырып қалған жағдайына байланысты анықтама болса, ол төлемақыдан алынып тасталынады. Бұл осы уақытқа дейін болған нәрсе, “перерасчет” жасалынады.

“Ақбота” – бизнеске берілген петропавлдық үшінші бақша. Оны енді Балдырған Ілиясов есімді кәсіпкер басқармақ. “Grand-Broker”-ге қарағанда оның тәжірибесі молырақ енді. Бизнесменнің шаһарда 3 жеке меншік балабақшасы бар. Бірақ, сонда да, жұртшылық инвесторларға сенімсіздікпен қарайды. Өйткені, пайда табамын деп, тәп-тәуір балабақшаны құрта ма деп қорқады.

Балдырған Ілиясов – «Бал Арман» ЖШС директоры:

– Облыстық білім басқармасының алдында ай сайын өз іс-қимылдарымыз бойынша жауап беріп отырмыз. Түсінесіздер ме? сатуға хақымыз жоқ, басқа да іс-әрекеттерді жасауға хақымыз жоқ. Халыққа дүрлігудің қажеті жоқ, телевизияға айтқым келіп тұр осыны, өйткені бәрі дүрлігіп жатыр.

Балдырған Қамбарұлының сөзінше, мемлекеттік мекемелерді кәсіпкерлерге беру – әлемдік практика. Әсіресе, Еуропада кең таралған.

Балдырған Ілиясов – «Бал Арман» ЖШС директоры:

– 1-ші қаңтардан бастап еңбекақы өсіп жатыр. жаңа инвестор келіп, еңбекақы өзгере ме деген сұрақтар да бар. Ешқандай өзгеріс болмайды, 25 процент пен қосымша төлемдерін алады, ешкімді біз жұмыстан шығармаймыз.

Қанша дегенмен, әр инвестор білім басқармасымен келісім шартқа отырған. Құжатта оның міндеттері тайға таңба басқандай жазылған. Егер орындамаса алғашында қомақты айыппұл салынады, ал қайталанса тіпті басқару құқығынан айырылып қалуы мүмкін.

Саят Ермек