Балалар

“Жаңажылдық музыкалық отшашу” концерті өтті

Суретші, тоқымашы, сәнқой және балетші. Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында 60-тан астам үйірме бар. Олардың 20-сы – ән мен би ансамбльдері. Өнерлі ұл-қыздар “Жаңажылдық музыкалық отшашу” атты қорытындылау концертін өткізді.

Мұнда оқуда озат, қоғамдық шараларға белсене ат салысатын және өнерлі ұл-қыздар жиылған. Өңіріміздің өнерпаз жастары мың бұрала би билеп, әннен шашу шашуда.

Ханшайымдар секілді костюмін киген қыздарға қарап өзіңді тура ертегі әлемінде жүргендей сезімде боласың. Лирикалық музыка және оған сай би қимылдары көрерменнің жүрегін жауламай қоймайтыны рас.
Сахнада – «Қуанамын» халық биі студиясының арулары. Ұжым былтырғы жылды зор жетістіктермен аяқтаған көрінеді.

Валерия Головина – «Қуанамын» халық биі студиясының бишісі:

– Біз Ташкент қаласында өткен “Танцуй всей душой” атты халықаралық байқауда бақ сынадық. Өнеріміз көпшіліктің көңілінен шығып, 2 бірдей Гран-при иеленіп қайттық. Биыл да түрлі сайыстарға қатысып, бұдан да жоғары жетістіктерге жетуді көздеп отырмыз.

Кейін ортаға “Айналайын” ансамблі шықты. Олардың да былтыр бағындырған асулары бірталай. Мәселен, Дариға Сәбитова “Аялаған Астана” атты телевизиялық байқауының ақтық кезеңіне дейін жетіпті. Ал Дана Баскенова болса республикалық “Бала дауысы” байқауына қатысып өңір намысын қорғап қайтқан. Сондай-ақ, ансамбльге жаңадан талантты балалар қабылданыпты.

Аяжан Серік – “Айналайын” ансамблінің мүшесі:

– Мен күз айынан бастап ән айтып келемін. Маған Жанар Дұғалованың әндері қатты ұнайды.

“Жаңажылдық музыкалық отшашу” атты мерекелік кеште жалпы 30-дан астам ұжым өнер көрсетті.
Айта кеткен жөн, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында 60-тан астам үйірме бар. Олардың 20-сы – ән мен би ансамбльдері.

Маржан Касымбек