Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мәжіліс депутаты кәсіподақ өкілдерімен жүздесті

Қазақстанның 4 бірдей өңірі 4-ші санаттағы шетелдік жұмысшылардан бас тартуда. Бұл қатарда біздің облыс та бар. Енді аққайыңдар өлкесі өзге елден келген біліктілігі жоғары еңбеккерлерді жергілікті кәсіби мамандармен алмастырмақ. Бұл туралы өңірге іс-сапармен келген Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман баяндады.

Осыдан 50-60 жыл бұрын кәсіподақ жұмысшылардың құқығын республика көлемінде қорғайтын ірі ұйым саналатын. Уақыт өте келе белсенділігі төмендеген бірлестіктер шаруаларын қайта жандандыруда. Бүгінде өңір бойынша 64 мың адам кәсіподақтарға мүшелік етеді екен. 7,5 мыңы 2019 жылы ұйым қатарына кірген. Құқығының қорғалуына әсіресе ауыл шаруашылығы саласының өкілдері ерекше ықылас білдірген көрінеді. Себебі, кейбір агроқұрылымдарда әлі күнге дейін жалақы конвертпен беріледі әрі ұжымдық келісімшарт та атымен жоқ. Қазір кәсіподақтар осы істі қолдарына алуда.

Мұрат Қалиев, «СҚО кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары:

– Қазіргі таңда кәсіподақ өкілдерімен ұжымдық келісімшарттың жаңа түрі жасалып жатыр. Мұнда жалақы, жұмыс пен үзіліс кестесі, әлеуметтік жәрдемақылар қамтылған. Тағы тәртіптік жаза турасында да өзгерістер енгізіледі. Біздің аумақтық кәсіподақтар бірлестігі тарапынан еңбеккерлердің жағдайын жақсартуға бағытталған 44 пунктке байланысты ұсыныс жасалды.

Ұжымдық келісімшарттың тиімділігін жұмысшылардан бөлек, кәсіпорын басшылығы да мойындап келетін көрінеді. Қазіргі таңда өңірдегі мекеме мен өндіріс ошақтарының 98 пайызы құжатқа қол қойған. Бұл – көңіл қуантарлық меже. Бірақ, көрсеткішті міндетті түрде 100-ге дейін жеткізу керек дейді мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман. Халық қалаулысы жиналғандарды тағы бір жаңашылдықпен таныстырып өтті.

Кәрібай Мұсырман – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Бүгінде Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда мен Солтүстік Қазақстан облыстары 4-ші дәрежедегі шетелдік еңбеккерлерден бас тартты. Бірінші санатқа – директорлар мен менеджерлер, 3-шіге білікті мамандар, ал 4-шіге кәсіби деңгейі жоғары жұмысшылар жатқызылады. Енді министрлік / депутаттардың өтініші бойынша өзге мемлекеттен келген 4-дәрежедегі еңбеккерлердің санын қысқартуға күш жұмсайтын болады. Кейін біртіндеп 3-санаттағы қызметкерлерді өз мамандарымызбен алмастырмақпыз. Қазақстандық жұмысшыларды дайындауымыз қажет.

Мәжіліс депутаттары кәсіподақ және қоғам өкілдерімен аудан орталықтарында да жүздесіп, елімізде орын алып жатқан өзгерістермен таныстырды.

Эльмира Садвокасова