Қоғам

Әлеуметтік желі арқылы танымал болған сырғанақ

Қыс қызығы – сырғанақ тебу. Бескөл тұрғыны үйінің ауласында шананың табаны тисе болды біраз жерге зулайтын төбешік тұрғызған. 71 жастағы зейнеткер Юрий Краснопёр оны өз қолымен жасапты. Осымен үшінші қыс қария тұрғындарға қуаныш сыйлап келеді. Әлеуметтік желі арқылы танымал болған сырғанаққа балалармен қатар ересектер де өлкенің түкпір-түкпірінен ағылуда. Әріптесім Саят Ермек те атышулы төбешікті сынап көрді.

Саят Ермек – тілші:

– Бұл облыстың ең танымал сырғанағы. Әлеуметтік желіде қызу талқыдағы төбешік Бескөл ауылында орналасқан. Жоқ, оны жергілікті әкімдік емес, тұрғындардың бірі жасаған.

Жасаған азамат алдарыңызда – 71 жастағы Юрий Краснопёр.

Қарияны 71-де деп айтуға тіптен келмейді. Жасына қарамастан балалалармен бала болып, сырғанақ теуіп жүр. 150 метрлік төбешікті бастан-аяқ өз қолыммен жасадым дегенге де алғашында сенбедік.

Юрий Краснопёр – зейнеткер, Қызылжар ауданы:

– Тақтайларды демеушілер берді, кей дүниелерді Бескөл бойынша жинадым. Сырғанақты осымен үшінші жыл жасап жатырмын, бұл -менің аулам. Мұз айнадай болсын деп, күнде үстіне ыстық су құйып отырамын.

Балалары Ресейге көшіп кеткелі Юрий Адамович жұбайымен жалғыз тұрады. Өз немерелерім алыста болғасын ба өзге балақайларға шаттық сыйлағым келді дейді. Ал жасым келді деп, көк жәшікке телміріп, 4 қабырғада отыру іш пыстырады.

Юрий Краснопёр – зейнеткер, Қызылжар ауданы:

– Қозғалыссыз отыра берсем, аяқ-қолым қақсайды. Ал мұнда келгенде балаша асыр салып, ауру-сырқауды ұмытамын. Балалардың күлкісін көріп, тіпті денсаулығым жақсарып қалады. Бәрін сол балалар қуансын деп жасап жатқан жайым ғой.

Шынымен де, беттері қызарған балалар мұнда көп.

– Мне нравится горка, она очень классная.

– Ұшқан кезде, жүрегің дүрс етіп, рахат, адреналин алады екенсің.

Балалық шақты еске алып, асыр салып жүрген ересектердің де қатары аз емес.

– Ощущения как в детстве, адреналина полные штаны.

Оны қойшы, танымал төбешікке экстрим қуып, бүтін бір отбасымен келгендер де бар.

Анар Нұржауыпова – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Біз бүгін сырғанаққа бірінші рет келіп отырмыз, бізге өте ұнап жатыр. Көп жақсы эмоция алып жатырмыз, көңіл күйіміз көтеріңкі.

Мына кезектің ұзындығына қарайықшы. Жасыратыны жоқ, орталық не басты алаңдарға жұрт былай ағылмайды. Бәрі езу тартып, “керемет” деп жарыса айтып жатыр. Бірақ, 100 рет естігенше, бір рет көр.

Саят Ермек – тілші:

– Аты шулы төбешікті біз де тексеріп көруді шештік. Шыны керек, мына биіктікті көріп, тынысың мен жүрек қағысың жиілейді екен, бірақ “шешінген судан тайынбас” дейді, ал ендеше кеттік.

Төбешіктің неге сонша танымал екенін енді түсіндік. Бір көрсең, қайта сырғанай бергің келеді, сырғанай бергің келеді. Тіпті, бет қаритын аязда сағаттап қалай жүргеніңді де байқамай қаласың. Бескөлдіктер мен петропавлдықтардан мұнда көрші жатқан аудандардан да арнайы келетіндер көп екен. Көбі сырғанақ жайлы әлеуметтік желіден білген.

Юрий Краснопёр – зейнеткер, Қызылжар ауданы:

– Сырғанақты таңғы 10-да ашамын. Жұртшылық түнгі 2-3-ке дейін жүреді. Төбешік наурызға дейін жұмыс істейтін болады.

Ең бастысы – бәрі тегін. Мәселе ақшада емес дейді Юрий Адамович. Жағдайым келсе, келер жылы сырғанақты бұдан да биік етемін деп отыр. Ал келушілер рақметтерін шын көңілден айтып жатса жеткілікті.

– Осыны жасаған адамға рақмет!

– Вложил свой труд, большое спасибо!

– Спасибо человеку который построил горку! 

Саят Ермек