Денсаулық сақтау

Өңірде тұмау мен ЖРВИ күшейіп келеді

Дене температурасының 40-қа дейін жетуі, әлсіздік пен құрғақ жөтел. Бұл – тұмаудың алғашқы белгілері. Аталғандардың бірі кездескен жағдайда бірден ақ халаттылардың көмегіне жүгінген абзал. Не де болса ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген жөн емес пе? Дегенмен, өңірімізде эпидемиялық маусымда жіті респираторлық вирустық инфекцияның – 12 мың, ал тұмаудың 32 жағдайы тіркеліпті.

Жылда қаңтардың аяғы мен ақпан айларында тарала бастайтын тұмау мен басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциялар биыл өңірде ерте басталыпты. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары мәлімдеді.

Меруерт Атамбаева – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздік бақылау департаменті бөлімінің бас маманы: 

– 2020 жылдың алғашқы аптасынан жіті респираторлық вирустық инфекциямен 1002 жағдай тіркелген. Сырқаттанушылық көрсеткіші жүз мың адамға шаққанда бұл шектік деңгейден 24 пайызға төмен.

Эпидемиялық маусым басталғалы, яғни өткен жылдың қазан айынан бастап өңірде жіті респираторлық вирустық инфекциямен 12 мыңға жуық адам ауырған. Оның 8 мыңнан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар. Тағы 43-і – жүкті әйелдер. Дәл осы аралықта тұмаудың – 31, ал жаңа жылдың басынан бір жағдай тіркеліпті.

Меруерт Атамбаева – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздік бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:

– Олардың 53 пайызын – 14 жасқа дейінгі балалар, ал 21 пайызын жүкті әйелдер құрап отыр. 32 жағдайдың 28 пайыз үлесін В типті вируске жатқызамыз. Ал қалғаны – А типтегісі.

Мамандар айтқандай тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққандардың тең жартысы – балалар. Осы орайда 1-ші қалалық емханада дәргердің қаралуына келген ұл-қыздардың қарасы қалың. Әсем Такированың ұлы Мұстафа Ғалым 1 жарым жаста. Балақай қазір күнделікті ем алып жүр. Ақ халаттылар оған обструктивті бронхит деген диагноз қойған.

Әсем Такирова – қала тұрғыны:

– Балам 1 жарым жаста, қазір ем алып жатырмыз. Екпе аламыз, дәрігердің бақылауындамыз. Қазір жағдайымыз жаман емес. 3 күн бойы ыстығы көтерілді,одан бөлек демікпесі пайда болды.

Белгілері өзара ұқсас болып келгенімен кейін мүлдем бөлек диагноз анықталуы мүмкін дейді мамандар. Сол себепті, әлсіздік жайлап, ыстық көтерілсе кетеді-ау деп жүрмей немесе өздігінен емдемей дәрігерге жолығу керек.

Марина Воробец – №1 қалалық емхананың педиатрлық учаске меңгерушісі:

– Тұмау болса, адамның дене температурасы 38-ден 40-қа дейін жетеді әрі әлсіздік пен құрғақ жөтел пайда болады. Ал жіті респираторлық вирустық инфекцияда көзден жас ағып, түшкіреді, мұрыннан су ағады. Температура 39 градусқа дейін жетеді.

Жалпы, бүгінде қала бойынша әр учаскелік педиатр күніне 40-қа жуық баланы қабылдайды екен. Бұл әдеттегі нормадан 2 есеге көп. Тағы, айта кеткен жөн, манағы айтылған вирустық ауруларға шалдыққан жандардың басым бөлігі екпе алмағандар.

Дана  Ешкенова