Қоғам

Өңірде “Қауіпсіз қала” атты акция өтуде

Қауіпсіз қала. Осындай атаумен өңірде қаңтардың 10-ынан республикалық акция жүріп жатыр. Шарада “Nur Otan” партиясының өкілдері, құтқарушылар мен еріктілер қосылып, қақпағы жоғалған немесе тозығы жеткен люктарды анықтауда. Кейін қалалық әкімдікке тиісті сұрау жіберіліп, заң бойынша іс-шара қолданылатын болады.

Қақпағы жоғалған люктің бетін бірі – темір, тағы бірі ағашпен жабады. Ал мұндағы шұңқырды линолеуммен бүркей салған. Бұл – Жамбыл Жабаев көшесі, 274 мекенжайы бойынша орналасқан көпқабатты үйлердің жанындағы көрініс. Сорақысы сол, қалың қардың астында жатқан қауіпті бірден байқау қиын. Ал түнде бұл маңнан өткен адам құлап кетіп, жарақат алуы әбден мүмкін.

Мұндай олқылықты №23 орта мектеп маңынан да байқауға болады. Білім ошағының есігінен небәрі 10 метр жердегі люктің қақпағы опырылып түскен. Тозығы жеткен темір әлі күнге дейін ауыстырылмапты.

Маржан Қасымбек – тілші:

–  Ал мына бір қақпағы ашық қалған люк дәл мектептің жанында орналасқан. Сабақтан шыққан балалар ойнап жүріп шұңқырды байқамай қалса, құлап кетіп жарақат алмасына кім кепіл?!

Абырой болғанда, соңғы 3 жылда өңір бойынша люкке түсіп кету жағдайлары тіркелмепті. Десе де, апат айтып келмейді. Аяқ астынан төтенше жағдай туындаса жауабын кім бермек?

– Мен зағип жан болсам да мектеп маңындағы люктің ашық қалғаны туралы естуім бар. Осы маңнан жиі өтетін болғандықтан, бір күні құлап кетемін бе деп уайымдаймын.

– Мектеп жанынан күнде өтемін. Алайда, люктің ашық тұрғанын алғаш рет көріп тұрмын. Әрине, өте қорқынышты екен. Балаларымыз абайсызда құлап кетсе, не болмақ?

Қаңтардың 10-ынан өңірде “Қауіпсіз қала” атты республикалық акция жүріп жатыр. “Nur Otan” партиясының өкілдері, құтқарушылар және еріктілер қосылып, ауызы ашық қалған люктерді анықтайтын болады. Кейін қалалық әкімдікке жеткізеді.

Абылайхан Қайроллаев – «Jas Otan» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Тұрғындар бізге инстаграм желісінде ауызы ашық қалған люктердің фотосын жіберді. Олар айтқан 4 мекенжай бойынша рейд шарасын өткізуге шықтық.

Бір күннің ішінде Петропавлда беті ашық қалған 10-ға жуық люк анықталды. Енді “Nur Otan” партиясының өкілдері кәріз құдығының нақты кімге тиесілі екенін білу үшін қалалық әкімдікке сұрау жолдайды. Кейін тиісті шаралар қабылданады.

Маржан Қасымбек