Қоғам

Есіл ауданындағы қар тазалау жұмыстары

Биыл Явленка селосының бір өзіне / қар тазалау үшін 4 млн теңгеге жуық қаржы бөлінсе, аудан аумағындағы ауыларалық жолдарға 3 млн теңге қарастырылыпты. Бірақ, мамандардың айтуынша соңғы аталған сома аздық етуі мүмкін. Сол себепті, аталған мақсатқа аудандық бюджеттен қосымша қаражат талап етеміз дейді.

Явленка селосы көшелерінің бойында таңнан кешке дейін қызу тірлік. Мұнда мамандар күніге шығып көшені ақ ұлпадан тазартады. Негізгі, жұмыс таңғы сағат 6-дан кешкі 10-ға дейін жүргізіледі екен.

Владислав Развеев – механизатор:

 Таңғы алтыдан бастап іске кірісеміз. Тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы болу үшін күнұзаққа көшеде жүреміз. Осылай 2 трактор болып тазалаймыз. Мен тазалап артамын, ал көмекшім болса оны ауылдың сыртына апарып төгеді. Қар қалың түскен кезде түнгі 11-ге дейін жұмыста боламыз.

Атқарылып жатқан шаруаға ауыл тұрғындары да разы. Кез келген уақытта діттеген жерге кедергісіз жете аламыз дейді.

– Күнде қар жауады. Жауған соң дереу тазаланып отырады. Бүгін мыне Ыбырай көшесін тазалап кетті.

– Биыл қар көп жауды. Бірақ, көшелердің барлығы айнадай таза. Көліктер мен жаяу жүргіншілер еш қиындықсыз қозғалады.

– Жолдар үнемі тазаланып тұрады. Мысалы, кеше түнде қар жауды. Ал таңертең көшеде тракторлар зулап, жолдағы ақ ұлпаны тазалап жүр.

Биыл Явленка селосының бір өзіне қар тазалау жұмыстарын жүргізуге 4 млн теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Бұл 3 айға. Яғни, қаңтар, ақпан, наурыз. Және қосымша сәуір айы да бар.

Мнайдар Тілеукин – Явленка селолық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Мұнда қаңтар айынан бастап қар көп түседі. Бүгінгі күні Явленка бойынша 4 техника жұмыс істейді. Селода барлығы 64 көше бар. Қазір қар тазалау жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп жатыр.

Аудан орталығындағы жағдай түсінікті. Ал ауыларалық жолдардың ахуалы қалай? Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылады? Оны мамандардың өзінен сұрап білдік.

Қайрат Имантаев – Есіл аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Біздегі аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 295 км-ді құрайды. Қысқы уақытта оларды қардан тазалауға 3 млн теңге бөлінді. 3 техника жұмыс жасайды. Боранды күндері мамандар тәулік бойы қызмет етеді. Жалпы, Есіл ауданы бойынша 54 ауыл бар. Тұрғындардан шағым телефон және әлеуметтік желілер арқылы да түсіп жатады. Барлық сұрақтарды дер кезінде шешуге тырысамыз.

Маманның айтуынша 3 млн теңге – тек жолды тазалауға ғана бөлінген қаржы. Алдағы уақытта қар көп түсіп жатса, ақша жетпей қалуы да мүмкін дейді. Сол себепті, аудандық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді сұраймыз деп отыр.

Бердімұрат Баймұқан