Спорт

Жерлестеріміз Паралимпада ойындарына дайындық үстінде

Биыл тамыздың 25-сі мен қыркүйектің 6-сы аралығында Токиода жазғы Паралимпиада ойындары өтеді. Байрақты бәсекеге өңірімізден 2 жеңіл атлет қатысуы мүмкін. Ол үшін жерлестеріміз лицензияға ие болулары қажет.

Бұл Иван Залезняктың мұндай байрақты бәсекеге алғаш қатысуы емес. Жеңіл атлет 2018-де Индонезияның Джакарта қаласында өткен ІІІ Пара Азия ойындарында қола жүлдеге ие болыпты. Кейін 2019-да қыркүйек айында Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған чемпионатта ядро лақтырудан үздік нәтиже көрсетіп, алтыннан алқа тағынған екен. Дегенмен, Иван Залезняк паралимпиада ойындарына қатысуды көптен бері армандапты. Бүгінде осы мақсатына жету үшін спортшы мына залда күн сайын 2-3 сағаттан жаттығады.

Иван Залезняк: паралимпиадалық жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Мен спорттың бұл түрімен айналыспай тұрып, жүзуге барған едім. Бірақ, жақындарым ядро лақтыру қолымнан жақсы келетінін айтты. Сөйтіп, бұған деген қызығушылығым арта бастады. Кейін дайындалып, жарыстарға қатыстым. Нәтиже жаман емес. Ендігі мақсат – Паралимпада ойындарына қатысып, жүлделі орынға ие болу.

Токиода өтетін Паралимпиадаға баруға ниет танытып отырғандардың бірі – Сергей Харламов. Ол ұзындыққа секіру сайысына қаыспақшы. Алайда, бүгін ол кезекті дайындыққа денсаулығына байланысты келе алмапты. Дегенмен, спортшының бұл салада жүргеніне биыл 10 жыл толған екен. Сергей Харламовтың ауыз толтырып айтарлықтай жетістері баршылық.

Вячеслав Латышев – “Үміт” мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының жетекшісі:

– Екі спортшының да дайындығы қызу. Бірақ, Токиоға бармас бұрын біз лицензияға ие болуымыз керек. Ол үшін алда бірнеше жарыстар өтеді. Сол жерде алған ұпайға байланысты спортшылардың паралимпиадаға бару-бармаулары анықталады.

Енді, Паралимпиадаға қатысу үшін спортшылар Тайландта ақпанның аяғында өтетін бәсекеде бақтарын сынайды. Ал кейін олар наурыз айында Біріккен Араб Әмірліктерінде ұйымдастырылатын екі бірдей сайысқа қатысады.

Ақтолқын Солтанханқызы