Әр түрлі

Жабайы жануарларды қоректендіру

Есіл ауданындағы “Красный бор” мемлекеттік мекемесіндегі жабайы жануарлардың саны жыл санап артып келеді. Мәселен, биылғы санақ бойынша марал мен еліктің басы 2,5 мыңнан асып отыр. Мұның барлығы – қыс мезгіліндегі арнайы қоректендіру жұмыстарының нәтижесі. Өйткені, солтүстіктің ұзақ әрі аязды қысында жануарлар азық таба алмайды. Сол себепті, табиғат жанашырлары оларды өз қамқорлығына алады.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

–  Солтүстіктің қысы қытымыр. Ат құлағы көрінбейтін боран соғады, сарышұнақ аяз тұрады, тізеден келер қар жауады. Осындай қауырт кезеңде жабайы жануарларға қорек табу қиын. Мұны табиғат жанашырлары жақсы біледі. Олар қараша айынан бастап ормандағы төрт аяқтыларға шөп, жем және осындай қайыңнан жасалған сыпырғыш береді.

Аңдарды қоректендіру үшін орманның ішінде мынадай оттықтар дайындалады. Оның ішіне жем-шөп салынады. Сондай-ақ, жабайы жануарларға осындай ойылған діңгектің ішіне тұз да сеуіп қояды екен. Өйткені, тұз төртаяқтылардың ағзасына дәрумен береді.

Тұрғынбай Құсайынов – қорықшы:

– Негізгі тамақты осы жерде береміз. Сосын қоршаудың ішінде тағы да оттықтар бар. Сол жерге апарып төгеміз. Сонда жемін, шөбін салып, таңертең және кешке 2 мезгіл қоректендіреміз.

Мұнда жануарларды азықтандыратын 8 орын бар. Сонымен қатар, биыл 11 мың жемдік сыпырғыш, 2 мың центнер шөп және 70 тонна жем әзірленген екен. Оларды сатып алуға облыстық бюджеттен 2 млн теңге бөлініпті. Мұнда күзетшілер де жұмыс істейді. Мамандар аңдарды браконьерлерден қорғайды.

Ерлан Тәшімов – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Облыс аумағында 47 аң аулауға арналған жер бар. Олардың 10-ны – резервте. Жануарлардың барлығы қорғалады. Былтыр 77 заңсыз аң аулау фактісі болды. Қолға түскендер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі.

Бердімұрат Баймұқан – тілші:

– Мұнда марал, елік, қабан сияқты төрт аяқтылар мекен етеді. Қазіргі күні олардың жалпы саны 3 мыңға жуық. Бұл жануарларды асырау үшін биыл облыстық бюджеттен 20 млн теңгеден аса қаржы бөлініпті.

Сонымен қатар, мұнда ұсақ жануарлар да кездеседі. Олар: түлкі, қоян қарсақ. Жалпы, Красный бордың аумағы 60 мың гектардан асады. Бұл жерде 6 адам жұмыс істейді. Қорықшылар жабайы жануарларды наурыз айының соңына дейін қоректендіреді.

Бердімұрат Баймұқан