Аптадағы маңызды жаңалықтар

Вокзалды жөндеу жыл соңына дейін жалғаспақ

“Жас Өркен”-дегі жаңа мектеп осы айдың соңында тапсырылуы тиіс, ал жылдың аяғында шаһардың темір жол вокзалында жұртшылық зарыға күткен лифтілер мен эскалаторлар пайда болмақ. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бүгін осы және өзге де бірқатар нысанды аралап, құрылыс барысын бағамдап қайтты.

Қазіргі келбетті көріп, осыдан бір жыл бұрын бұл аумақта жеке сектор болды деп айту қиын. Алайда, 35 ескі үй бұзылып, орнына зәулім мектеп салынуда. Нақтырақ айтқанда, салынып бітуге жақын. Сыныптар тап-тұйнақтай, жиһаз жеткізіліп жатыр. Тіпті, әр оқушының мынадай жеке шкафы болады. Бірақ, 2020-ның басында есігін айқара ашуы тиіс білім ошағының құрылысы созылып кетті, өкінішке қарай.

Серік Мұхамедиев, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Жылдың аяғына дейін тапсырылуы тиіс еді. Бірақ, мердігер компания үлгермей жатыр. Осы үшін оған айыппұл салдық. Мектеп қаңтардың аяғына дейін қолданысқа беріледі.

900 орынға шақталған оқу ошағына жергілікті билік 1,5 млрд теңге құйыпты. Осылайша, шаһарда өзекті тұрған үш ауысымдық оқыту мәселесі шешілмек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жыл сайын 1-ші сыныпқа баратын балалардың саны көбейіп тұрады. Бұл жақсы тенденция. Былтыр Береке ауданында 600 орындық мектеп салдық, енді биыл бір айдан кейін 900 орындық мектептің құрылысы бітейін деп жатыр. Біз үш ауысымда оқитын мектептердің проблемасын шешейін деп отырмыз.

Ал апаттық мектептердің жайы не болмақ?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Апаттық мектептердің проблемасы да біздің облысымызда бар. Тайынша ауданында екі мектеп. Олардың құрылысын жаңадан бастау үшін тиісті жұмыстар орталықпен жүргізілуде.

Петропавлға қайта оралайық. Жас өркендегі манағы ескі үйлерді сүру жалғасады биыл. Өңі қашқан Горький көшесіндегі баспаналардың екінші қатары бұзылып, орнына көпқабаттылар салынады. Тура мына екеуі сияқты. Бұл үйлердің әрқайсысында 64 пәтерден. Баспаналардың біреуі «7-20-25» бағдарламасы бойынша тапсырылып, жұрт қоныстаныпты. Ал екіншісіндегі пәтерлер сатылуға жаңа қойылған. Коммерциялық болғасын бағасы қымбаттау енді – шаршы метрінің құны 190 мың. Алайда, орналасқан аудан мен сапаны ескерсек, сұраныс жоғары болуы тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2018 жылы – 2068, ал былтыр – 2600-дей пәтер тапсырдық. Ендігі жылға меже енді – 2800. Бірақ, мұндай қарқынмен 3 мыңға шығамыз деп ойлаймын.

Петропавлда көтерме-тарату орталығы салынып бітуге жақын. 6 мың шаршы метр аумақта цехтар, қоймалар мен кеңселер орналаспақ. Қысқасы, бизнесмендерге не керек – бәрі бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кәсіпкерлер, тіпті салықтарын осы жерде төлей алады. Қала бойынша шарқ ұрып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ.

Уақыт былай тұрсын, ақшасын үнемдейді дейді әкім. Орталықта алып-сатарларға орын жоқ, яғни тұтынушымен тура жұмыс істеуге болады. Бұл – тауардың құны арзандайды деген сөз. Қазірдің өзінде көтерме-тарату орталығында жұмыс істеуден ниетті кәсіпкерлер көп.

Дмитрий Шарапаев, «Радуга» ЖШС бас директоры:

– 1 шаршы метрді жалға алу құны – 1,5 мың теңге. Бұл ақының ішіне бәрі кіреді – күзетшілер де, өрт қауіпсіздігі де, тіпті кеден броккерлері мен темір жол тұйығының қызметтері.

Ал мына үйінділердің орнында ламинатталған фанера шығаратын зауыт пайда болады. Құрылысқа бұл қажет материал, бірақ сұраныс көп болғанымен, ұсыныс жоқ. Мұндай зауыт елде біреу-ақ, сондықтан фанераны көрші елдерден тасып жатырмыз. Осыны ескере, болашағы зор өндірістің өлкемізде пайда болатыны қуантады, әрине.

Айвас Бакиров, «Реформ строй» ЖШС бас инженері:

– Жылына фанераның 18 мың текшесі өндірілмек. Оны қазақстандық қайыңнан жасайтын боламыз, ал ламинат – немістікі. Қондырғылар болса Түркия мен Қиыр шығыстан әкелінеді. 150 жұмыс орны пайда болады.

Зауыт 2020-ның соңында жұмысын бастайды, ал дәл осы уақытта қалалық темір жол вокзалы да жөнделіп бітпек. Қазір ғимаратты жаңғыртудың соңғы, 3-ші кезеңі жүріп жатыр. Көпшілік көптен күткен лифтілер мен эскалаторлар қойылады, әйтеуір. Шабаданды арқалап, жолаушыларға 3-ші қабатқа баспалдақпен көтерілу қажет болмайды.

Станислав Таратуто, “Ресей темір жолдары” ААҚ петропавлдық бөлімі инвестициялық секторының жетекші инженері:

– Вокзалдың алдына қосымша ғимарат салып, эскалаторларды сонда орнатамыз. Жолаушы, вокзалға кірмей-ақ, 3-ші қабатқа көтеріле алатын болады. Онда 2 жеделсаты мен платформаларға түсетін тағы екі эскалатор қойылады.

Одан қалды, ұзақ жыл сәнді қашырып тұрған киоскілер сүріледі, күту залдары кеңейтіліп, жөнделеді. Қысқасы ғимараттың іші де, сырты да өзгермек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ғимарат алдындағы 2 дүңгіршектің қожайындарымен келісімге келдік. Жуырда олар алынады. Вокзал алдындағы алаңқайды көгалдандырып, абаттандырамыз, субұрқақтарды жөндейміз.

Ең маңыздысы, автобустар мен такси көліктері дәл вокзалдың алдына келіп, тоқтай алатындай қып жол салынбақ. Яғни, жүгіңді арқалап, алысқа сабылудың қажеті болмайды.

Саят Ермек